24 мам, 2017 сағат 09:13

Ғаламторда таралатын радикалды идеологияға қарсы тұру - ұлттық қауіпсіздік мәселесі

 

Ғаламтор - бүкіл әлем бойынша ақпараттар алмасу мүмкіндігі, желілер жүйесі. Ғаламтор - байланыс араларын өзара біріктіретін тораптардың жиынтығы.

Ғаламтор - адамзаттың ең үлкен жетістігі, адамдар оны қолдану арқылы адам баласы өте алыс қашықтықты бағындырып, басқа елдер мен құрлықтармен еркін байланыс құра алады.

Ғаламторды дін саласындағы отандық ғалымдар мен сарапшылар, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлер де өз жұмыстары барысында жеткілікті деңгейде қолданып, діни ақпараттарды насихаттауға қолдануда.

Алайда, ғаламтордың осындай жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына тиімді қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушылардың әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады. Мұндай әрекеттің бір қала немесе бір елмен шектелмейтіндігі белгілі, бұл экстремистік және террористік ұйымдар үшін өте маңызды. Олардың қызметі өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелерді өз қатарларына тартуға, жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және өздеріне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге бағытталады. 

Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. «Google» арқылы бір мәселені іздеген кезде радикалды бағытты ұстанатын ұйымдардың салған ақпараттарына кезігіп, олардың шейхтарының бейне және аудио жазбаларын тыңдауы мүмкін. Олардың жазбаларында жиһадқа шығу, шейіт болу секілді ұғымдардың бұрмаланған мағынасы беріліп, мұндай ақпараттар желі қолданушының санасына кері әсер етуі ықтимал.

Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін. Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал, діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіреді.

Экстремистік және террористік ұйымдар жеке веб-сайттарын құрумен қатар порталдардағы, әлеуметтік желілердегі форумдарда да жұмыс жүргізеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер бүкіләлемдік ғаламтордағы ең танымал қызмет түрі болып отыр, статистика бойынша әлеуметтік желілерді ғаламтор қолданушыларының 90 %-ы қолданады. Деректерге сүйенетін болсақ, тіркелген қолданушыларының саны бойынша алғашқы ондыққа кіретіндер: Facebook (1,4 млрд.), Youtube (1 млрд), Google+ (500 млн-астам), Twitter (500 млн-нан астам), BKontakte (230 мл.-нан астам), Оноклассники (205 млн-нан астам) және т.б. әлеуметтік қызметтер. Осы әлеуметтік желілер арқылы мұндай ұйымдар танымал хэштегтерді (#) алып, оның мазмұнына өз материалдарын көптеп орналастырады.

Сондай-ақ, олар әлеуметтік желілерде жаңа таныстар іздеп тауып, оларды өз құрықтарына түсірудің тәсілдерін шебер қолданады. Әсіресе бұл әйел адамдарды арбауда сәтті іске асады. Себебі, жаратылысы тұрғысынан эмоцияға берілгіш қыздар ғаламтордағы желілер арқылы өздерін толғандырған мәселелерді, көңіл-күйлерін білдіріп отырады. Ғаламтор желісіндегі маманданған теріс пиғылды ағым мүшелері мұны өз пайдаларына асырып, ондай қыздармен сыр бөлісу арқылы өздеріне жақындатып, құрбандарына айналдыру арқылы ең соңында «жыныстық жиһад» жасауға көндіреді.

Діни сауаты төмен адамдарды арбаудың бір құралы ғаламтор бетінде түрліше пәтуа беру болып отыр. Теріс пәтуалар адамдарды экстремизмге итермелейтін күшке ие, себебі, діндегі пәтуа қоғамдағы діни ахуалға тікелей әсер ете алады. Теріс пәтуа беруші адам сол арқылы қоғамға іріткі салуға, қақтығыстар туғызуға себепкер болуы ықтимал. Мұндай теріс пәтуалардың кері ықпалы ретінде мыналарды келтіруге болады:

- негізсіз пәтуәлардың шектен тыс көбеюі діни сауаты төмен діндарлардың адасуына алып келеді.

- арандатушы пәтуалар ислам туралы жағымсыз пікірлерді қалыптастырып, дәстүрлі ислам құндылықтарының дамуына кері әсерін тигізеді.

- шетелдік шейхтар тарапынан берілген пәтуаларда жергілікті халықтың ұлттық құндылықтары, салт-санасы ескерілмейді.

- талапқа сай келмейтін пәтуалар діни ұстанымдардың бұрмалануына, дінішілік алауыздыққа соқтырады.

Халықтың діни ақпараттарды ғаламтордан іздеуіне ғаламтордың  тәулік  бойы жұмыс істейтіндігі, мәліметтердің оңай әрі жылдам табылатындығы, артық уақыт пен ақшалай шығынды қажет етпейтіндігі себеп болуда. Адамдар ғаламторға қатты сеніп артып, барлық мәліметтерді ғаламтордан таба алатынына күмән келтірмейді, олардың үлкен қатерлерге апарып соқтыратын зияндылығын ескермейді.

Мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бұқаралық ақпарат құралдарын, соның ішінде ғаламтор желісін ерекше бақылауға алу қазіргі таңда ең өзекті мәселеге айналып отыр. Мұндай құрбандыққа ұшыраудың басты себебі діни сауатсыздық деуімізге болады. Бұл жерде жасалатын нәрсе - осындай экстремистік және террористік идеологияны насихаттаушыларға қайтарым ретінде олардың негізгі ниетін, олардың зиянды әрекеттерін әшкерелейтін ақпараттарды осы ғаламтор бетінде дер кезінде, белсенді түрде таратып отыру. Радикалды идеологияның қаупі туралы ғаламтор ақпараттарын, теле, радио бағдарламаларды көптеп шығаруға баса мән берілуі тиіс. Бұл ақпараттар мен бағдарламаларда ислам дінінің соғыс пен қантөгіске жол бермейтіндігі, терроризм мен діннің бір-біріне жат ұғымдар екендігі насихатталуы керек. Бұл бағытта елімізде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жолында көптеген экстремистік ұйымдардың қызметіне соттың шешімімен тыйым салынып, діни мазмұндағы әдебиеттерге, үнпарақтар мен аудио-бейне материалдарға, ғаламтор сайттарына дінтану сараптамасы жүргізіліп, алдын алу шаралары ретінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, осы бағытта елеулі қызметтер атқарылуда. Дегенмен мұндай халықтың руханияты мен ұлттық құндылықтарына, елдің ішкі тұрақтылығы мен тұтастығына қауіп төндіретін мәселеде тек кәсіби мамандар ғана емес, елін сүйген әрбір азаматтың күш салып, атсалысқаны жөн.

Діни мәліметті, қажетті пәтуәні іздеген әрбір азамат мүмкіндігінше шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбауға тырысып, Дін істері комитетінің жобасы аясында жұмыс істейтін kaz-islam.kz, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz және онымен серіктес fatua.kz, azan.kz, muslim.kz, ummet.kz және т.б. секілді еліміздегі сенімді сайттарға жүгінгені жөн.

Қазақстанның әрбір азаматы өзінің діни сауатын арттыруға мән беріп, рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз шамасының жеткенінше атсалысатын болса елдің ішкі тұрақтылығы мен бүтіндігіне ешқандай жат пиғылды ағымдардың сызат түсіре алмасы анық.  

Теңлібаева Жанар Қантемірқызы,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері

Ұлт порталы