02 ақп, 2020 сағат 20:36

Футзалдан ӘЧ: Қазақстан құрамасы элиталық сатыда қалай ойнайды?

Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы Чехияда әлем чемпионаты элиталық кезеңінде алғашқы ойынын Румынияға қарсы өткізеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан құрамасы 23-31 қаңтар аралығында Нұр-Сұлтан қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Дайындық аяқталғаннан кейін құрама 2020 жылғы әлем чемпионаты элиталық кезеңіндегі ойындарды өткізу мақсатында Чехияға аттанды. Онда Румыния, Словения және Чехиямен күш сынасады. Жарыстың элиталық сатысы 2-5 ақпан аралығында болады.

Бүгін Қазақстан құрамасы Румыниямен алаңға шығады. Екі қарсылас жарыстың негізгі іріктеу кезеңінде кездесті. Онда қазақстандық футзалшылар 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Румыния бүгінгі күнге дейін әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ойын көрсетіп көрген емес. Есесіне Еуропа чемпионатында үш мәрте бақ сынап үлгерді. Алғаш 2007 жылы құрлықтық додаға қатысқан олар топтық кезеңнен әріге аса алған жоқ. Одан кейін 2012, 2014 жылдарда ширек финалға дейін жетті. Әзірге қол жеткізген жоғары табысы ретінде осындай көрсеткішті айтуға болады.

Қазақстан құрамасы 3 ақпанда Словениямен шеберлік байқасады. Олар әлем чемпионаты финалдық кезеңінде бірде-бір мәрте бақ сынап көрген емес. Ал Еуропа чемпионатына 4 мәрте қатысып, 2014, 2018 жылдарда ширек финалға дейін жетті.

Ал 5 ақпанда қазақстандық құрама Чехиямен кездеседі. Чехтар әлем чемпионаты финалдық кезеңіне үш мәрте қатысып, 2004 жылы жарыстың екінші кезеңінде бақ сынады. Ал Еуропа чемпионатында 5 мәрте ойнап, 2010 жылы қола жүлдегер атанды.

Қазақстандық футзалшылар бүгінгі күнге дейін екі мәрте әлем чемпионаты финалдық кезеңінде бақ сынап қайтты. 2000 жылы құрама Азия чемпионатында финалға дейін жетті. Нәтижесінде әлем чемпионаты финалдық кезеңіне жолдама алды. Дегенмен ол жолы қазақстандық ойыншылар сәтсіз ойын көрсетті. Топтық кезеңде Бразилиядан 1:12, Португалиядан 2:6, Гватемаладан 5:6 есебімен жеңіліп, елге ертерек қайтуға мәжбүр болды.

Одан кейін Қазақстан футбол федерациясы УЕФА құрамына енгені белгілі. Кәрі құрлықтан қазақстандық құрама 2016 жылғы әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды. Әлем чемпионаты финалдық кезеңінде Аргентина, Коста-Рика және Соломон аралдары құрамаларымен бір топқа түсті. Нәтижесінде алғашқы кездесуде Аргентинадан 0:1 есебімен жеңілгенімен келесі ойындарда Коста-Рикадан 3:1, Соломон аралдарынан 10:0 есебімен басым түсті.

Естеріңізге сала кетелік, әлем чемпионатының финалдық кезеңі 2020 жылдың 12 қыркүйек - 4 қазан аралығында Литвада өтеді. Онда барлығы 24 құрама сынға түседі.

Әрбір топта жеңімпаз атанған төрт құрама турнирдің финалдық кезеңіне тікелей жолдама алады. Ал өз тобында екінші орын алған төрт құрама қосымша екі жолдаманы сарапқа салады.

Қазақстан және Румыния құрамалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 01.50-де басталады. Ойын Қазақстан футбол федерациясының YouTube арнасынан көрсетіледі.