Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының финалдық сатысына жолдама алған 29 құрама анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлем чемпионатына тағы екі жолдамаға Солтүстік Америкадан Мексика мен АҚШ құрамалары қол жеткізді. Одан бұрын мұндай мүмкіндікке Канада құрамасы ие болған еді.
Еске салсақ, бұған дейін олардан басқа 26 құрама жолдама алып үлгерген еді. Олардың қатарында алаң иесі – Катар, Еуропа елдерінен – Германия, Дания, Франция, Бельгия, Хорватия, Испания, Сербия, Англия, Швейцария, Нидерланды, Португалия, Польша, Оңтүстік Америкадан – Бразилия, Аргентина, Уругвай, Эквадор, Азия мемлекеттерінен – Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Сауд Арабиясы, Африкадан Камерун, Марокко, Тунис, Гана, Сенегал құрамалары бар.
Еуропа құрлығында әлем чемпинаты өтпелі сайысында бір ойынмен Шотландия мен Украина жеңімпазы анықталады. Кездесу шамамен маусым айына белгіленген. Жеңімпазы сол айда Уэльспен тағы бір жолдаманы сарапқа салады.
Ал Оңтүстік Америка, Азия, Солтүстік Америка және мұхит аймағынан төрт құрама құрлықаралық өтпелі сайыста тағы екі жолдамаға таласады.
Әлем чемпионатының финалдық сатысының жеребесі 1 сәуірде Катар астанасы – Доха қаласында өтеді. ол елорда уақытымен 22.00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Дүбірлі дода биылғы жылдың 21 қарашасы мен 8 желтоқсаны аралығында Катарда болады.