27 жел, 2019 сағат 18:31

Футбол: «Қайраттың» оқу-жаттығу жиыны кезіндегі қарсыластары белгілі болды

Алматылық «Қайраттың» алдағы оқу-жаттығу жиыны кезіндегі қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, алматылықтар жаңа маусымға дайындық барысында барлығы үш оқу-жаттығу жиынын өткізбекші.

Бірінші жиын 3-17 қаңтар аралығында клубтың базасында болмақшы. Онда жаттығу мен бақылау ойындарын өткізу үшін барлық жағдай жасалған.

Екінші жиын Түркияның Белек қаласында 18-30 қаңтар аралығында өтеді. Осы кезеңде «Қайрат» төрт бірдей жолдастық кездесу өткізеді. Алматылықтар Польшаның чемпионатында алда келе жатқан «Легиямен» екі мәрте жасыл алаңға шығады. Алексей Шпилевскийдің шәкірттері сондай-ақ Киевтің «Динамосымен» және Болгарияның «Лудогорец» командаларымен кездеседі.

Белекте өтетін үшінші жиында «Қайрат» словениялық «Копер», мәскеулік «Динамо», украиналық «Днепр-1» және Ресей премьер-лигасының көшбасшысы «Зенит» (Санкт-Петербор) клубтарымен шеберлік байқасады. Бесінші қарсылас кейін анықталады.

Айта кетейік, бұдан бұрын клуб басшылығы командадан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Бауыржан Исламхан мен Исламбек Қуаттың кететіні жөнінде мәлімдеген болатын. Сондай-ақ оның алдында Георгий Жуков, Мартон Эппель, Сергей Политевич, Магомед Парагульгов және Елдос Ахметов сынды белгілі футболшылар «Қайратпен» қош айтысқан еді. Бұлардың орнын кімдер басатыны әзірге белгісіз.