Бүгін назарларыңызға орыс ақыны Евгений Евтушенконың француз ақыны Ален Боскемен ертеректе жасаған сұхбатын біршама қысқарған нұсқада ұсынып отырмыз. Сұхбат алынғаннан бері он шақты жылдар өткенімен ол бүгінгі француз, сондай-ақ, батыс поэзиясының хал-ахуалы қандай деген сауалдарға бірқыдыру жауап бере алатын секілді. Тіпті, сұхбатты оқу барысында қазіргі қазақ және француз поэзияларының проблемалары өзара ортақ па дегендей де ойға қалатындайсың.
Е.Евтушенко: - Менде француздар жыр кітаптарын сатып алмақ түгілі, өз поэзияларын мүлде білмейді-ау деген пікір қалыптасты. Бәлкім, мен қателесетін болармын? Егер қателеспесем, бұның себебі неде? Мүмкін, француз поэзиясы тоқырау үстінде болар, әлде поэзияға деген ықылас, суынулы ма? Мысалға Артюр Рембо, Поль Верлен, Элюарлардың жыр жинақтарының көзі тірісіндегі таралымы мен бүгінгі ақындардың өлең кітаптарының тарылымы ара салмағын айырып бере аласыз ба?
А.Боско: - Сіздің түйген пікіріңіз шындыққа әбден жанасады. Бүгінгі Францияның оқырман қауымы өлең оқуға өте тұрақты зер салып отыратын екі жүздей және әбден мойындалған ақындарды ғана оқитын шамамен екі мыңдай оқырманы бар демесеңіз, бұл қауымның қарақұрым болып тұрғаны шамалы.
Әйтсе де бұл жаңа құбылыс емес. Ауызша поэзия үстемдік жасаған орта ғасырларды қоспағанда, даму тарихы әріден басталатын біздің поэзиямыз бен ақындарымыз тек екі дәуірде ғана халық тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Бірі Виктор Гюго, Альфонс де Ламартин және Альфред де Виньилер өз замандастарының жандүниелерін қарапайым да әсерлі суреттей білген романтизм, яғни, 1810 мен 1830 жылдар арасында болса, екіншісі неміс окупациясы кезеңінде, 1940 және 1944 жылдар аралығына тура келеді. Элюар, Арагон және Пьер Эмманюэльдер жасаған Қарсыласу поэзиясы жау қолында қалған тұтас бір халықтың қасіреті мен үмітін өз деңгейінде жырлай білді. Бұл, бәлкім, неміс цензурасының поэзиядан гөрі прозаға көбірек шұқшиғандығынан да болар. Ал басқа дәуірлердің бәрінде, біздің поэзиямызды өлеңге шын жан-тәнімен берілген аз ғана топ қадағалап отырған. Бұл орайда Артюр Рембоның көзі тірісінде өз баспагерін таппағандығын айтсам да жеткілікті болар. Ал өзімнің Поль Элюардың 1922 жылы 500 дана ғана болып шыққан жыр жинағының бір данасын, арада 16 жыл өткесін, 1938 жылы кітап дүкенінен сатып алғаным әлі есімде. Бұл Элюардың сол кездерде басылған жалғыз жыр жинағы болатын.
Біздің аз оқылатын, біраіқ атақты есімдерге бай поэзиямыздың жағдайы, өкінішті болса да, міне, осындай. Бұлай болуының ертеден келе жатқан бірнеше себебі бар. Француз поэзиясы, әсіресе, Бодлер мен Миллармелерден кейін, әрдайым эксперименттердің поэзиясы болып келеді. Оған авангардтық бағыттағы ізденістер де жат емес.
Осы ыңғайдан оның тілі өте күрделі, түсіну үшін оқырман тарапынан үлкен дайындығы болуын қажет етеді. Бұндай дайындықты жасауға халық та, орташа топтар да құлықты емес. Поэзия рациональді және әлеуметтік болудан қалды, сол себепті өмірлік маңыздылығынан айырылды. Бүгінгі он ақынның тоғызын әсіре интеллектуализм мен солғын кітабилығы үшін айыптауға болады.
Бір жағынан, батыстық «тұтынушы» поэзияны қызықты емес деп санайтыны және бар. Бұған ауқымы кеңдеу болатын тағы екі жағдайды қосыңыз. Біріншісі – түйсіктік деңгейде болса да, Франция бірқалыпты, мамыражай халде күн кешуде деген түсініктің қалыптасуы. Рас, бізде де жұмыссыздық, басқа да әлеуметтік проблемалар жеткілікті. Бірақ жалпыға шаққанда, бәрібір халықтың көңілі тоқ деуге болады. Осындай самарқаулық белең алған тұста көпшілік поэзияның өзіне жаңа құндылықтар ашып бергеніне оншалықты құмарта бермейді. Біз барлық бағытта, оның ішінде өнер де бар, өте салғыртпыз. Екінші жағдай түсінбеушілікке байланысты. Бұқаралық ақпарат құралдары көп жағдайда ән мәтіндерін ғана поэзия деп сендіруге, соларды насихаттауға бейім. Бүгінгі таңда поэзия тек ән мәтіні ретінде ғана өмір сүріп жатырдеген секілді пікір қалыптастыруға тырысады. Менің пікірімше, Жак Брель, Жорж Брассанс, Шарль Азнавурларды (шаньсон үлгісінде ән айтатындар) шын мәнісіндегі ақындар санау жаңсақ, қате түсінік. Халық болса, керісінше, амал қанша, тек соларды ғана ақын санайды. Менің сіздің сауалыңызға жауапқа мынаны да қоса кеткім келеді:
Біздің көптеген жас ақындарымыз көпшілікке бәрібір түсініксіз болатындықтарын сезінетіндіктен, классикалық қалыптан алыс өз тілдерін қалыптастыруға күш салады. Ал бұл болса өзара түсініспестіктің тамырын тереңдеген үстіне тағы да тереңдете түседі.
Е.Е: - Сен – Жон Перс, Т.С.Элиот, Оден, Пастернак, Пабло Неруда секілді әйгілі ақындар көз жұмғасын, көпшілік әлем поэзиясында жастардың арасында олардың орнын басуға мүмкіндігі бар ақындар жоқ десіп жатады. Сіздіңше, поэзияда жекелеген ірі тұлғалардың пайда болуы немен байланысты? Тарихпен бе? Тілдің дамуымен бе? Халықтың, адамзаттың психологиялық көңіл-күйімен бе?
А.Б: - Ұлы ақынның қазасынан кейін адамдардың енді ұлы ақын дүниеге келмейтіндей көретіні рас. Бірақ уақыт өте келе басқа ұлы ақын бәрібір пайда болады. Сондай-ақ, ірі ақындардың пайда болуы үлкен тарихи оқиғаларға тікелей байланысты деп санайтындар да бар. Басқа елдерді қайдам, бірақ дәл осы пікір Францияға жүрмейді. Біздің еліміздің тарихындағы бірден-бір айтулы оқиға өзімен тікелей байланысты әйгілі өнер туындысын дүниеге келтірген емес. 1789 жылдың революциясы да, Париж Коммунасы да, Верден түбіндегі әйгілі жеңіс те өз тұсындағы қайсыбір атақты шығармада көрініс таба алмады. Біздің, тіпті, уақыт өте келе, Қарсыласу кезінде жазылған өлеңдеріміз Югославиядағы гитлершілдікпен күрес және Ленинград блокадасы тудырған поэзиядан көш төмен екендігін де мойындауымызға тура келіп отыр. Француз поэзиясы ел іші тыныш, оқиғаларға сараң тұстарда ғана біршама жетістіктерге қол жеткізе алған. Әсілі, бұл ақынның осындай кезеңдерде ғана өз мүмкіндігін пайымдауға мүмкіндігі мол болатындығынан болар. Қараңыз, Артюр Рембоның ең тамаша өлеңдері жазылуы жағынан Пруссиямен соғыстағы масқара жеңілістің әсері ұмытылған 1873 пен 1875 жылдар аралығына тура келеді. Сен-Жон Перстің қаламынан туған ең тамаша жыр нұсқалары болса арсыз колониализм гүденген 1907-1910 жылдардың еншісінде. Бізде Людовик ХІҮ, Наполеон, Жорес немесе де Гольге көзі тірісінде арналған бірде-бір атақты өлеңді ұшырастыра алмайсыз.
Е.Е: - Адамзатты жақсылыққа, сұлулыққа үндейтін кітаптар жазылу үстіне жазылуда. Бірақ бәрібір жауыздық, қатыгездік, соғыс қаупі жойылған жоқ. Бұлай болуының сыры неде? Өнер адам бойында бұғынып жатқан қарау, зұлым күштердің алдында әлсіз бе? Әлде ұлы кітаптар аз жазылды ма? Бәлкім, олар бүгінгіден он есе көп жазылғанымен де зұлымдықпен күресте бәрібір көмектесе алмайтын болар? Біз әдебиеттің құдіретін босқа дабырайтып жүрген боламыз? Адамзаттың моральдық кескін-келбеті тек әдебиетке ғана байланысты емес шығар? Бірақ, біз жазушылар, алдымызға қандай да бір моральдық проблемаларды шешу мақсатын қоймасақ, онда жазудың кімге қажеті бар?
А.Б: - Әдебиет пен моральді байланыстыру өте қауіпті. Жеке адам ретінде Данте, Шекспир, Достоевский, Свивфттердің мінез-құлықтарынан сабақ ала қоямын деу бос әурешілік. Әдебиет болса адам жанының тереңде бұғынып жатқан қатпарларын зерттеуге тырысады. Ол үміт не торығушылық, жалғыздық не ынтымақтастық, қиял не күнделікті шындық өмір болуы мүмкін... Дәлірек айтсақ, сұлулыққа, жасампаздыққа ұмтылудың өзі де моральдің ерекше бір түрі ғой...
Е.Е: - Кезінде үлкен пікірталас тудырған «антироман» деп аталатын бағыттың қазіргі хал-жағдайы қалай? Бүгінгі романшылардың алдыңғы ондығын атаңыз десе, сіздің аузыңыздан кімдердің есімін ести алар едік?
А.Б: - «Жаңа роман» немесе «антироман» Бальзак пен Толстойдың шығармаларына тән болып келген психологиялық қисынының аяқталуымен әспеттеледі. Қаншама уақыт бойы қалыпты болып келген бұл түсініктің орынына психосараптау мен кейіпкер және оның іс-әрекеті арасындағы байланысқа әрдайым күдікпен қараудың элементтері келді. Кейіпкер әрекетті өз еркімен жасады ма, әлде еріксіз барды ма деген сауалдарға жауап іздеу басталды. Қаламгердің өзі де кейде өз кейіпкерінің белгілі бір іс-әрекетке неліктен барғаны, оны қозғаған себептерді түбіне шейін түсіне бермеуі мүмкін. «Жаңа роман» тек адам емес, сондай-ақ, оны қоршаған орта, жағдай, заттардың да адам жасаған іс-әрекеттерге арақатынасын ашуға күш салып жатыр. Мен бұл бағыттың ұстанымын қысқаша ғана мынандай қызықты сауалмен түсіндірер едім: «Адам есікті өзі ашты ма әлде тылсым күштің құдіретімен есіктің өзі адамға оны ашуға ықпал етті ме?».
Мен тек тірілерді ғана айтайын. Прозада бұл бірінші кезекте америкалық Теннесси Уильямс пн түрік Яшар Кемел. Сосын Габриэль Гарсиа Маркес пен аргентин Хорхе Луис Борхес. Романдардың авторы және драматург ретінде Семюэль Беккет. Ақындардан швед Артур Лундвикст, болгар Елисавета Багряна және грек Яннис Рицос үшеуі. Мақтану болар деп француздарды атағам жоқ. Әйтсе де Жан Поль Сартрдің есімін де бір естіп кетпеуге болмайды. Сосын, маған өзім сүйетін орыс жазушыларының есімін сыпайылық сақтап атамауыма рұқсат беріңіз.
Е.Е: - Орыс әдебиетіне қалай қарайсыз?
А.Б: - Пушкин поэзиясын француз тіліне аудару тіптен мүмкін еместігі және Гогольдің өзінің бүкіл қайғы-қасіретімен бізге еш түсініксіз болып қалуы себепті, алдыңғысы да, соңғысы да біздің әдбеиетімізге оншалықты әсер ете қойған жоқ. Керісінше, біз әлем әдебиетінің ең айтулы тұлғаларының бірі ретінде Достоевскийге көбірек үңілеміз. Шынын айтар болсақ, қадым замандардан адам бойында бірге жасап келе жатқан күнәні сезіне алатын жазушыларға әсері жағынан, Достоевский, Шекспир, Сервантес немесе Гетелердің бәрінен де көш бойы озық тұр. Бұл жағынан алғанда ол және Франц Кафка жаңашыл, теңдессіз жазушылар. Отызыншы жылдары Маяковскийдің Арагон секілді бірқанша ізбасарлары болды. Қырқыншы, елуінші жылдары интимдік жанрда жазатын драматургтерге Чеховтың әсері болғаны да жасырын емес.
Аударған: Әмірхан Балқыбек
"Ақын апологиясы" кітабынан