Экономикалық дипломатияны ілгерілету аясында Қазақстанның Франциядағы Елшілігі француз инвесторларына еліміздің аймақтарының презентациялары топтамасын өткізу бастамасын көтерді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Бейнеконференция форматындағы алғашқы осындай кездесу Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен MEDEF қауымдастығына мүше – француз компаниялары арасында өтті.
Онлайн іс-шара Қазақстан-Франция іскери кеңесінің тең төрағалары Айдан Кәрібжанов пен Ив-Луи Даррикаррердің, Қазақстан Елшісі Жан Ғалиевтің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың, сондай-ақ «Astana Invest» және «Astana Innovations» компаниялары өкілдерінің қатысуымен өтті.
Өз баяндамасында М. Бектұрова қалалық инфрақұрылымның жағдайы мен болашағы, сондай-ақ шетелдік инвесторлармен және серіктестермен өзара әрекеттесу механизмдері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.
Француз компанияларының өкілдері өздерін қызықтырған бірқатар сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар ала алды. Атап айтқанда, оларды инфрақұрылым мен көлікті дамыту, экологияны жақсарту және қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ цифрландыру жобаларына қатысу мүмкіндіктері қызықтырды. Француз серіктестер ұсынылған ақпараттың жоғары сапасы мен өзектілігін атап өтті. Кездесуге қатысушылар бірлескен жобалар бойынша жүзбе-жүз талқылау өткізу үшін санитарлық кедергілердің тезірек алынатынына үміт білдірді.