19 мам, 2022 сағат 11:37

Форт-Шевченко жағалауынан тағы да өлі итбалықтар табылды

Сурет: lada.kz

Форт-Шевченко орталық жағалауынан өлі итбалықтар табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғын Ғалияның айтуынша, 18 мамырда Форт-Шевченко жағалауында баламен серуендеп жүрген кезде 2 өлі итбалықты байқаған.

"Әрі қарай жүрсе, тағы да өлі итбалықтар болуы мүмкін, өйткені алыстан құстар бірдеңе шұқып жатқанын көрдім", - дейді Ғалия.

Түпқараған аудандық әкімдігінің қызметкері қазір өлі итбалықтарды жинау және өлім себептерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Еске салайық, бұл Каспийдегі итбалықтар қырылып жатқан алғашқы жағдай емес. Бұған дейін мамандар Форт-Шевченко теңіз порты аумағынан 64 итбалық тапқан болатын.

26 сәуірден бері Каспий жағалауында өлі итбалықтар табылып жатыр.