12 ақп, 2020 сағат 11:12

«Формула-1» Қытай гран-приі коронавирусқа байланысқа белгіленген уақытта өтпейтін болды

Шанхайда 17-19 сәуірде өтуі тиіс «Формула-1» машиналар автожарысынан әлем чемпионатының кезеңі коронавирусқа байланысты белгіленген мерзімде өтпейтін болды. Бұл туралы сәрсенбі күні британиялық Times газеті жазды.

Басылымның мәліметінше, қазіргі таңда кезеңді кейінге қалдыру немесе тоқтату мәселесі шешіліп жатыр. Бұдан бұрын ұйымдастырушылар жарысты сәуірде ұйымдастыру мүмкін болмаса кейінге ауыстырылатындығын мәлім еткен еді.

«Формула-1» спорт директоры Росс Браун осы маусымдағы кезеңді Қытайда өткізуге қызығушылық танытып отырғандарын атап өтті. Браунның айтуынша, «Формула-1» басшылығы Қытай Гран-приін жылдың соңына қарай ауыстырудың заңды мүмкіндігін қарастыруда, сондай-ақ бұл мәселеде Қытай билігі мен промоутер өз қорытындысын бергенін күтіп отыр.

Соңғы рет «Формула-1» гран-приі кезеңі 2011 жылы болмай қалған еді. Ол Бахрейндегі жаппай наразылық акцияларына байланысты өткізілген жоқ.