21 ақп, 2020 сағат 09:32

FlyArystan Петропавлдан Алматыға әуе рейсін ашты

Петропавлда FlyArystan әуе компаниясы Алматыға әуе рейсін ашты. Екі қала арасындағы біржақты байланыс құны 10 мың теңгеден басталмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

FlyArystan бағдарын кеңейтіп, ұшу кестесіне Петропавл қаласын қосты. Алматыға алғашқы әуе рейсі 13 наурыз күні жасалады. 10 мың теңге төлеп, 2 сағат 10 минуттың ішінде оңтүстік қалаға жету мүмкін болмақ.

«Билеттің бағасы 10 мың теңгеден басталады. Бағасы арзан болуы үшін бірер ай бұрын сатып алу қажет. Сондай-ақ, баға неғұрлым арзан болса – соғұрлым ереже қатаң. Мысалы арзан билет алсаңыз, өзіңізбен бірге тек 5 келіге дейін жүк ала аласыз. Тағы бір ескертетін жайт, билетті делдалдарсыз компанияның сайтынан алған тиімді», - дейді FlyArystan әуе компаниясының маркетинг және сатылымдар бойынша директоры Жанар Жайлауова.

Бүгінде компания бір күнде 28 рейс жасайды. Өткен жылдың мамыр айынан бастап 900 мың жолаушыны барар жеріне жеткізген. Петропавлдан ұшақ аптасына төрт рет: дүйсенбі, сәрсенбі, жұма, жексенбі күндері ұшатын болады. Airbus A320 лайнері жаңа, қолданысқа берілгеніне алты жылдан ғана асыпты. Қазіргі кезде билеттердің 20 проценті сатылған.