«Азаматтық бақылау» жобасы аясында чек бермеу фактілері туралы хабарлаған 100 адамға 1000 теңге көлеміндегі сыйақы төленді (ұялы телефонның теңгерімі толтырылды), деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске сала кетейік, 2019 жылғы 30 қыркүйектен бастап осы пилоттық жоба республиканың барлық аумағына таратылады, яғни чек бермеу фактісі туралы хабарлаған тұлғаларға сыйақы төлеу (ұялы телефон теңгерімін толтыру) бүкіл Қазақстан бойынша жүргізіледі. Бұл туралы қашықтан мониторинг басқармасының басшысы Ануар Сүлейменов хабарлады.
Оның сөзінше, жобаның іске асырылуы мерзімінде 2539 хабарлама түскен. Олардың барлығы қаралуда. Кәсіпкердің мәліметтері, фискалды чектің берілмеу фактілері мен себептері анықталуда», деді А.Сүлейменов.
Сыйақы тек сатушының чек беруден бас тартуы видеоға түсірілген кезде, дүкеннің атауы мен мекенжайы, сауда үйінің, базардың атауы (сауда үйіндегі дүңгіршектің, базардағы орынның нөмірі) және фискалдық чек бермеген тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін басқа да мәліметтер көрсетілген жағдайда төленеді.
Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР барлық азаматтарын өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге, БКМ чегін бермей өзінің табыстарын жасырушы салық төлеушілерге нөлдік төзімділік танытуға және Пилоттық жобаға белсенді қатысуға шақырады. Барлық жолданылған өтініштер мемлекеттік кірістер органдары тарапынан өңделетін болады.
Видеоматериалдарды Apple App Store және Google Play market қосымшаларынан тегін жүктеуге болатын «Wipon» ұялы қосымшасы арқылы жолдауға болады.
«Шағым жолдаған жағдайда қосымша өз тегіңізді, атыңызды, әкеңіздің атын (болған жағдайда), ЖСН және байланыс телефонын көрсетіңіз. Бұл деректер бұзушылық фактісі расталған және фискалдық чек бермеген тұлғаны жауапқа тартқан жағдайда сыйақы төлеу үшін қажет»,-делінген хабарламада.
Фискалды чектерді consumer.oofd.kz сайтынан тексеруге болады. Осы ретте, техникалық талаптарға сәйкес берілген фискалдық чек мәліметтері 72 сағат ішінде жолдануы мүмкін. Сондықтан, берілген чекті фискалдық деректер операторы базасында таба алмаған жағдайда 3 күнге дейін күту қажет және содан кейін қайта тексеру қажет. 72 сағат өткеннен кейін ақпарат болмаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге болады.