14 жел, 2021 сағат 15:57

Фируза Шәріпова өзін жеңген ирландиялық боксшымен реванш өткізбек


Фируза Шәріпованың менеджері Сергей Завилейский әлемнің абсолютті чемпионы Кэти Тейлормен өткен жекпе-жектен кейін боксшының алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

«Біз реванш ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Софья Очигавамен жекпе-жек өткізуді қарастырудамыз. Фируза үлкен айқастарды қалап отыр. Ол мықты қарсыластармен бокстасуға лайықты екенін көрсете білді. Бүгінде жеңіл салмақтағы үздіктер – Кэти Тейлор мен Софья Очигава. 

Тейлордың реванш өткізуге оңайлықпен келісе қоймайтыны түсінікті, себебі мұның қаншалықты қауіпті екенін түсініп отыр. Кэтидің командасы да бізді лайықты бағалай алды. Қазіргі кезде біз Тейлордың Фирузадан қорғануын міндеттейтін нұсқаны таңдап отырмыз. 

Фируза келесі жекпе-жегін көктемде өткізеді деп ойлаймыз. Әзірге жоспарда – демалу. Кеше ғана Ресейге қайтып келдік. Алдағы күндері Фируза үйіне, Қазақстанға кетеді. Фируза Тейлордың оның басына салған соққыларынан кейін тігістері шешілген соң, келесі жекпе-жекке дайындала бастаймыз», - деп баяндады С.Завилейский.