05 қыр, 2018 сағат 12:37

Хиджабпен күрес: Фирдоусидегі оқушы қыздардың кейбірі орамалын шеше бастады

Фирдоуси атындағы орта мектеп алдында сабаққа кіре алмай тұрған оқушылар. Фердауси ауылы, Түркістан облысы, 5 қыркүйек 2018 жыл.

Түркістан облысының Фирдоуси ауылында орамал таққаны үшін мектепке кіргізілмеген оқушылар орамалдарын шеше бастады. Бұл туралы осы ауылда іссапармен жүрген Азаттық тілшісі хабарлады.

Бүгін таңертең елді-мекендегі Фирдоуси атындағы мектепке орамалмен келген жоғары сыныптың ондаған оқушы қызын мектеп басшылығы сабаққа кіргізбей қойған. Оқушылармен 20 шақты ата-ана да жиналып, қыздарын мектепке кіргізуді талап еткен. Мектепті күзетіп тұрған полиция қызметкерлері жиналғандардың тарауын талап етуімен ата-аналар бірер сағаттан соң тарқады. Кеше күндіз де жиырма шақты әйел мектеп алдына жиналып, қыздарының орамалсыз кіруіне наразылық танытқан. Олардың сегізіне кеше кешке аудан орталығы Мырзакент кентіндегі полиция бөліміне жауап беруге шақырту қағазын тапсырған.

Бүгін сонымен қатар орамал тартқаны үшін мектепке кіргізілмеген үш мұғалім өздерін жұмыстан босату туралы арыз жазды. Бұл туралы мұғалімдердің өздері (аты-жөнін айтқысы келмеді) хабарлады және мұны Фирдоуси атындағы мектеп директоры Жанар Мамырова да растады. Бірақ ол мұғалімдер арызына қатысты әзірге шешім қабылдамағанын айтады. Мұғалімдер бұған дейін орамалмен жұмысқа келіп жүргендерін, жұмыста ешқандай кедергі болмағанын айтады.

Мектеп директорының айтуынша, мектепте барлығы 372 оқушы қыз бар. Олардың 203-і жоғары сыныптарда, 169-ы бастауыш сыныптарда оқиды. Қазірге дейін бастауыш сыныптағы орамал тартатын қыздардың түгелге жуығы, жоғары сыныптағы 200-ге тарта қыздың 80-ге жуығы орамалын шешкен.

Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы былтыр күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кейбір мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасындағы "орамал дауына" себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.