ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желіде халықтың арыз-шағымын қабылдайтын парақша ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Министрдің көмекшісі» деп аталатын ресми парақшаға Фейсбук қолданушылары денсаулық сақтау жүйесіндегі шағымдар мен ұсыныстарын жібере алады.
«Қолданушылар парақшаға денсаулық сақтау жүйесіне қатысты жазба қалдырады немесе жариялылықты қаламайтындар жеке хабарлама жібере алады. Парақшаны төрт әкімші - Министрлік өкілі, Фармация комитеті, Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті және дәрі-дәрмек бойынша СҚ-Фармация өкілі жүргізеді. Олардың әрқайсысы өз бағыттары бойынша жауап береді. Өзекті сұрақтарға барынша тез жауап беруге тырысамыз. Өңірлік құрылымдар мен денсаулық сақтау басқармаларына қатысты сұрақтарды жеделдетілген режімде тиісті әкімдіктерге жібереміз. Барлық әкімдермен тығыз байланыс орнатылған», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Ернар Әкімқұлов.
Ресми өкілдің айтуынша, парақша таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді, ал сұрақтарды тәулік бойы жіберуге болады.