09 жел, 2022 сағат 11:15

Фейк ақпаратқа ергендерді кінәламаймын: Роман Скляр Екібастұздағы апат туралы


ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Рavlodarnews.kz ақпарат порталына сұхбат беріп, Екібастұздағы апаттың мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Әрине, бұл апаттың ауқымы аз деуге болмайды. Үш шағын аудан зардап шекті. Бірақ тұтастай алғанда, қалада төмен болса да, жылу режимі сақталды. Станция жұмыс істеп тұр.

Энергетикалық қадағалау комитеті апаттың алдын ала себебін жариялады. Ол стандарттан тыс: станция бір реттен желіге жоғары қысым беріп отырған. Желідегі қысымды шамамен 40 пайызға көтерген. Яғни, бұл жерде техникалық тұрғыдан қате шешім қабылданған. Бұл магистральдардағы үлкен 3 апатқа әкелді, құбырлар 70 жерден жарылды. Салдарынан пайда болған гейзерлерді бәріміз көрдік, соның ішінде әлеуметтік желілерден де. Осыған байланысты барлық қала жылусыз қалғандай картина қалыптасты.

Қайталап айтамын, бұл – аса ірі апат. Әсіресе, 70 үйдегі жылу мәселесі өте күрделі болды. Бұл дегеніміз - 5 100 пәтер, онда 13 мыңға жуық адам тұрады», - деді Роман Скляр.

Сонымен қатар ол апаттың салдарын жою бойынша құрылған жедел штаб күніне екі рет баспасөз мәліметін таратып келгенін атап өтті. Дегенмен Роман Склярдың сөзінше, әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа ергендер де болған.

«Штабтан күніне екі рет баспасөз хабарламасын тарата отырып, біз нақты ақпарат ұсындық. Мүмкін, көпшілік саналы немесе бейсаналы түрде түрлі фейктерге ерген шығар. Бірақ мен тұрғындарды кінәламаймын. Десек те көптеген бұқаралық ақпарат құралдары жедел штаб халықты алдап жатыр деп жазды. Сенсеңіз, бізге мұның қажеті жоқ: егер пәтерлерге жылу берілмесе, біз солай жаздық», - деді вице-премьер.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды. Қалада оқушылар онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қалалық жылу желілеріндегі апаттың салдарын жою жөніндегі жұмыстар аяқталғанша Екібастұзда болатыны хабарланды.

7 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдады.

8 желтоқсанда Президенттің қабылдауында болған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары 15 желтоқсанға дейін аяқталатынын айтты. Осы күні Екібастұз қаласынан төтенше жағдай режимі алынды.