«Феникс» кинофильміне бөлінген қаржыны режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов ұялы телефонының ақысы мен өз үйін күзетуге жұмсаған. Бұл туралы сот отырысында «Феникс» кинофильмінің бұрынғы бас директоры Керімжан Есбаев мәлім етті.
Куәгердің өзі «Феникс» кинокартинасының бас директоры болып формальды түрде тіркелгенімен, фильмге ешқандай қатысы болмағанын әңгімелеп берді.
Керімжан Есбаев аталған жұмысқа өзін Тұңғышбай Жаманқұлов шақырып, тікелей тағайындағанын айтты. Атап айтарлығы, оның ай сайын алатын жалақысы Т. Жаманқұловтың жеке қажеттіліктеріне жұмсалып отырған.
«Ақша Т. Жаманқұловтың үйін жөндеуге, коммуналдық қызмет ақысына, ұялы телефоны және үйінің күзет қызметінің ақысын төлеуге жұмсалды. Бұл төлемдер тікелей Т. Жаманқұловтың нұсқауымен жөнелтілді. Ал шығындарды мен өз журналыма жазып отырдым, сол журналды өз еркіммен тергеу органдарына бердім. Сондай-ақ, ақша Т. Жаманқұловтың ұлының Мәскеуге барып-қайтқан жолына жұмсалды», - деп әңгімеледі куәгер.
Сот отырысында Керімжан Есбаев Т. Жаманқұловтың шығындарын растайтын құжаттарды сотқа ұсынды.
Бұған қоса, куәгер Тұңғышбай Жаманқұловқа арналған қаржының қалай қолма-қол ақшаға айналдырылғанын егжей-тегжейлі әңгімеледі. «Жаманқұлов «Феникстің» продюсері Н. Юдинаға 6 млн. теңгені қолма-қол ақшаға айналдыруға нұсқау берді. Бұл әңгімені картинаның режиссері Талғат Жәнібеков, редакторы Ғизат Сұлтанов және есепші Назгүл Жүнісова өз құлағымен естіді»,- деді сотта К. Есбаев.
Куәгер сондай-ақ, қылмыстық іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне берілген соң Т. Жаманқұлов фильмді түсірушілер тобын жинап алып, ешкімнің өзіне қарсы құзырлы органдарға түсінік бермеуін қадап тапсырғанын ашық айтты.
«21 немесе 23 қаңтарда Жаманқұлов маған қоңырау шалып, өз кеңсесіне шақырды. Кеңсеге келгенімде мені бұрын құзырлы органдарға берген жауаптарымнан бас тартуды өтінді, ал егер бас тартпаған жағдайда мені қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін қолынан келген нәрсенің барлығын жасайтынын атып, қорқытты», - деп сөзін аяқтады куәгер.
Еске сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро «Феникс» кинофильмін түсіруге бөлінген бюджет қаражатының ұрланғаны туралы фактілерді анықтады. Тергеудің нұсқасы бойынша, фильмді түсіруге бөлінген 79 млн. теңгенің 69 млн-ын картинаның продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов жымқырған. Осы мақсатқа ол өзі құрылтайшы болып табылатын «T.K. TURAN UNIVERSAL BUSINESS» фирмасын пайдаланған.
Айта кетелік, тергеу барысында Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің қорғаушысының көзінше бюджет қаражатын ұрлағанын толық мойындады. Сондай-ақ, жымқырылған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, өзінің жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға жұмсалғанын айтты.