Көлсай көлінде ер адам мұздай суға секіріп, батып бара жатқан итті құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға сенбі, 2 сәуір күні боллды.
Сол күннің қаһарманы Уәлихан Бейсабаев. Ол - Қарағанды қаласында фельдшер болып жұмыс істейді. Көлсайға әйелімен және достарымен демалуға келген.
«Біз иттің мұздың үстінде жүргенін көрдік, кейін ол мұз астына құлап кетті. Біз бәріміз жағада уайымдап, қарап тұрдық. Кейін оның өз бетінше шыға алмайтынын түсіндік. Мен өзім фельдшермін, адамдарға көмектесемін, сондықтан мен қол қусырып қарап тұра алмадым. Бірден суға секірдім. Ит жағадан алыстау жерде болды. Мен қайтып келе жатқанда шаршап, әлсіредім. Достарым үлкен таяқтың көмегімен мені мұзды судан жағаға шығарды. Мен судың суықтығын итті құтқарғанан кейін ғана сездім. Сосын аяғым тартылды, бірақ қорқыныш болған жоқ», - дейді Уәлихан Бейсабаев.
Айтуынша, сол күні дене қызуы көтерілген, қазір жағдайы жақсы.
«Менің мамандығым, міндетім адамдарды құтқару, осы жолы итті құтқардым. Өйткені, тірі жан», – дейді ол.