Биыл фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс артты. Бұл туралы Үкімет отырысында жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Фармацевтика өнеркәсібінде халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сұранысының артуы есебінен өндіріс көлемі 38,9% артты. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 5,4% өсті. Оған киім (+18,7%) және былғары өнімдер өндірісінің (+7,9%) ұлғаюы оң әсер етті. Дезинфекциялық құралдар мен минералдық тыңайтқыштарға сұраныстың артуы химия өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттырды. Өсім 1,9% құрады», - деді Өскенбаев.
Оның айтуынша, құрылыс материалдары өндірісі 113,2% болды. Оған жылу оқшаулағыш материалдар (1,6 есеге), портланд-цемент (+24,7%), гипс (+43,4%), кірпіштер (2,3 есеге) және құрылыс ерітінділері (+26,3%) өндірісінің артуы есебінен қол жеткізілді.