Орталық Азияға еуропалық инвестицияларды тарту және құрылымдау үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңы маңызды рөл атқара алады. Бұл туралы Бішкекте «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі форумдағы мүмкіндікті пайдалана отырып, «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумының 2023 жылы Қазақстанды қабылдаушы тарап ретінде ұсынбақпын», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Орталық Азияға еуропалық инвестицияларды тарту және құрылымдау үшін қазіргі уақытта ЕО-дан 70-ке жуық компания қолайлы салықтық, визалық және еңбек режимінде жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын ұсынды.
Премьер-Министр «Орталық Азия – ЕО» іскерлік кеңесін құру бастамасын көтерді. Оған екі өңірдің экономикалық блоктарының министрлері, бизнес басшылары, сондай-ақ қаржы институттарының, сауда және өнеркәсіп палаталарының өкілдері қатысады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Бішкекте Премьер-Министрлер деңгейінде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы басталды.