WhatsApp-қа Еуропада деректерді қорғауға байланысты айыппұл салынды. Осы жайтқа қатысты мессенджер құпиялылық саясатын өзгертті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Дүйсенбіден, 22 қарашадан бастап WhatsApp әзірлеушілері жиналған деректер және оның Еуропада қолданылуы туралы қосымша ақпарат беру үшін құпиялылық саясатын өзгертеді.
Жаңа құпиялылық саясатында Еуропа мен Ұлыбританиядағы пайдаланушы ақпараты қалай қолданылатыны және Meta және Instagram әлеуметтік желілерімен қалай жұмыс істейтіні туралы айтарлықтай көбірек ақпарат бар екені айтылды. Сондай-ақ, компания трансшекаралық деректерді қалай қорғайтынын және оны өңдеудің құқықтық негіздерін егжей-тегжейлі түсіндіретінін айтты.
"Бұл жаңарту пайдаланушы деректерін ешкімге, соның ішінде Meta-ға өңдеу, пайдалану немесе беру жолымызды өзгертпейді және қалай жұмыс істейтінімізді өзгертпейді. Пайдаланушыларға жаңа келісім немесе WhatsApp пайдалануды жалғастыру үшін қандай да бір әрекет жасау қажет емес", - делінген хабарламада.
Бұл қадам Ирландияның Деректерді қорғау комиссиясы (DPC) Еуропалық Одақтың деректерді қорғау жөніндегі жалпы ережесін бұзғаны үшін қыркүйекте Whatsapp-қа рекорд 225 миллион еуро айыппұл салған соң жасалды.
989 рет оқылды