09 мам, 2022 сағат 13:13

Еуроодақ Ресейге жаңа санкция салу бойынша келісімге келе алмады


8 мамырдағы елшілер кездесуінде Еуроодақ елдері Ресейге жаңа санкция салу бойынша ортақ тоқтамға келе алмады. Ресей мұнайын импорттау мен тасымалдауға шек қою ұсынысына Венгрия, Грекия және Кипр қарсы болып отыр. Аноним дереккөзге сілтеме жасаған Bloomberg осындай ақпарат таратты, деп жазады Азаттық.

Украинаға әскери шабуыл жасағаны үшін Ресейге қарсы санкцияның алтыншы легі бұл елдің мұнайын сатып алуға және тасымалдауға тыйым салады. Экономикасы Ресейден келетін отынға көп тәуелді Венгрия, Чехия және Словакияға импортты алмастыру бойынша 2024 жылға дейін жеңілдік көзделген. Венгрия бұл жеңілдіктің өзі аз деп, басқа елдерден отын тасу шығынының орнын толтыруды талап етіп отыр.

Танкер флотының едәуір бөлігіне бақылау жасайтын Кипр мен Грекия Еуроодақта мұнай тасымалына тыйым салмай тұрып алдымен G7 елдеріне осындай шек қоюы керек деп санайды.

Жаңа санкциялар Ресей мұнайына эмбарго жариялап, ол елдің мұнайын тасымалдауға және оларға сақтандыру қызметін көрсетуге тыйым салуды көздейді. Бұған қоса Ресейдің үш мемлекеттік телеарнасын көрсетуге шек қойылады, "Сбербанк" және тағы екі ірі банк SWIFT банкаралық коммуникация жүйесінен ажыратылады және Еуроодақта резиденттігі жоқ Ресей азаматтарының ЕО аумағынан жылжымайтын мүлік алуына болмайды.

Венгрия басшылығы Ресей отынын тасымалдауға тыйым салу ұсынысына қарсы болатынын бірнеше рет айтқан. Еуроодақ санкциялары күшіне енуі үшін оны одақ мүшелері бірауыздан қолдауы керек.