03 мау, 2022 сағат 17:57

Еуроодақ Ресейге жаңа санкция салды


Еуроодақ Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты жаңа санкцияны мақұлдады. Ол Ресей мұнайына ішінара эмбарго қоюды қарастырады, деп хабарлайды Азаттық.

Санкция күшіне енсе, Еуроодақ алты ай бойы Ресей мұнайынан, сегіз ай бойы мұнай өнімдерінен бас тартады. Бұған қоса, "Сбербанк" және тағы екі ірі банк SWIFT банкаралық коммуникация жүйесінен ажыратылады. Буча мен Мариупольдегі қылмыстар мен Кремльдің әскери насихатына қатысы бар тұлғаларға жеке санкция салынады. Олардың тізімі кейін жарияланады.

Еуропа кеңесінің мәлімдемесіне сәйкес, географиялық жағдайға байланысты баламасы жоқ мұнай құбырлары арқылы тасымалданатын шикізатқа қана уақытша шектеу қойылмайды. 

Еуроодақ аумағында ресейлік "РТР-Планета", "Россия-24" және "ТВ Центр" телеарналары хабар таратуын тоқтатады. Еуропа кеңесі 3 маусым күнгі хабарламасында Ресей үкіметі бұл арналарды Украинадағы соғыс жайлы жалған ақпарат тарату үшін пайдаланады деп жазған. 

ЕО сонымен бірге бірқатар тауарларға, атап айтқанда химиялық қаруға қолданылуы мүмкін өнімдерді Ресей мен Беларуське экспорттауға шектеу қойды. Санкция бұған қоса, Ресейге есеп-қисап, пиар-кеңес, бұлт технологиясы бойынша қызмет көрсетуге тыйым салады. 

Болжам бойынша, санкция жұма күні кешке дейін күшіне енуі мүмкін.

  • Еуроодақ елдері аталған санкцияны сәуірдің соңынан бері талқылаған. Одаққа мүше елдер мұнай эмбаргосына байланысты дауласты. Венгрия Ресей мұнайының импортына тыйым салуға қарсы болды, ақыры дегеніне жетті. 30 мамырда ЕО саммитіне қатысушылар Ресей мұнайына эмбарго қоюға келісті, алайда Будапештің қысымымен тыйым тек теңіз арқылы тасымалданатын мұнайды ғана қамтитын болып шешілді. Венгрия, Словакия, Чехия Ресей мұнайын "Дружба" құбыры арқылы алып келеді. Алайда бұл үш елді санамағанда жыл соңына дейін одаққа келетін Ресей мұнайы 90 пайызға қысқаруы мүмкін.