ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов Орталық Азия бойынша арнайы өкіл Тери Хакал бастаған Еуроодақ делегациясымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Кездесу барысында Антикор басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ, тараптар заңсыз баю үшін заңнамалық жауапкершілікті енгізу және кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялау мәселелерін талқылады. Бизнесті қорғау мәселелері де сөз болды.
Еуропалық әріптестер елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының екпінін оң бағалап, ГРЕКОның Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары мен озық тәжірибелеріне сәйкестігіне ұмтылысын атап өтті.
Дамудың маңызды векторы Қазақстанның сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Еуропа Кеңесінің Конвенциясына қосылуға дайындығы атап өтілді" - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, тиісті шақыру осы жылдың 1 шілдесінде келіп түсті.
«Агенттіктің еуропалық серіктестермен өзара іс-қимыл мәселелерінде ашықтығы мен дайындығын ерекше атап өткім келеді. Біз өз тарапымыздан Қазақстаннан Еуропаға шығарылған активтерді қайтару туралы сұраныстарға қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Т. Хакала.
Пікірталастың жеке тақырыбы қаңтар оқиғаларына байланысты азаптау туралы мәлімдемелерге қатысты істерді тергеу болды.
«Қазіргі уақытта 171 іс аяқталды. 177 іс бойынша тергеу жалғасуда. Стамбул хаттамасының барлық талаптары сақталып жатыр», - деді Бектенов.