Сурет: dw.com
Ресей армиясы Украина аумағына басып кірген соң, Еуропа елдері Кремльге санкция салып, Ресейге тауар жеткізуді тоқтатты. Алайда Ресей постсовет елдері арқылы реэкспорт жасап отыр. Бұл туралы Euromonitor International зерттеу компаниясының баяндамасына сүйенген РБК хабарлады, деп жазады Азаттық.
Еуропа статистикасына сәйкес, 2022 жылғы наурыз бен қараша аралығында ЕО елдерінің Ресейге экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 47 пайыз төмендеп, 36,3 млрд еуро болған. Есесіне былтыр Еуропа тауарларының Армения, Беларусь, Қазақстан, Грузия, Өзбекстан және Қырғызстанға экспорты 48 пайыз артып, 20,3 млрд еуроға жеткен.
Бұрынғы совет елдеріне былтыр көп тауар экспорттаған мемлекеттердің алдыңғы қатарында Кипр, Грекия, Люксембург, Эстония, Литва, Чехия және Румыния тұр. Баяндама авторларының айтуынша, наурыз бен қараша аралығында бұл елдерге тауар тасымалдау көлемі 100 пайыздан 550 пайызға дейін өскен.
Euromonitor International мәліметіне қарағанда, Ресейге ай сайын үшінші бір мемлекет арқылы құны 2,7-2,8 млрд еуро болатын Еуропада өндірілген тауарлар келеді.
Мәліметтерге сүйенген Euromonitor International сарапшылары "Еуроодақ санкциясы ойдағыдай әсер етіп жатқан жоқ, ал Еуропа елдерінің көбінде тауар экспортын бақылауда мәселелер бар" деген қорытындыға келген.
Бұған дейін Еуропа одағы Ресейдің қаржы, энергетика секторына бағытталған экономикалық санкциясының мерзімін 2023 жылдың 31 шілдесіне дейін ұзартқан. Қазіргі кезде мұндай шаралар сауда-саттық, әртүрлі мақсатта қолданылуы мүмкін технология мен тауар, өнеркәсіп, көлік салаларындағы түрлі шектеуді қамтиды.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Еуроодақ Мәскеуге барлығы тоғыз санкция пакетін енгізген. Санкция тізімінде 1300 жеке тұлға мен 120 заңды тұлға бар.
Қазір ЕО Ресейге қарсы оныншы санкция пакетін әзірлеп жатыр. Reuters мәліметінше, онда Ресейдің ядро секторы, атап айтқанда, "Росатомға" қатысты шектеу қарастырылған.