09 сәу, 2022 сағат 03:20

Еуродақ Ресейдегі 4 банк пен ірі компаниялардың активін бұғаттады


Еуродақ елдері Ресейге салынған санкцияның бесінші пакеті аясында банктердің активін бұғаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews сайтына сілтеме жасап.

Еуродақ Ресейдің «ВТБ», «Новикомбанк», «Совкомбанк», «Открытие» банктерінің және 14 әскери-өнеркәсіптік, машина, кеме жасау және көлік саласындағы компаниялардың барлық активтерін бұғаттады. 

ЕО елдерінің үкіметі егер Ресей Украинадағы әскери қақтығысты жалғастыра беретін болса санкцияның алтыншы пакетін енгізуге келісті. Сондай-ақ ол санкцияда ресей мұнайы мен газын сатып алуды қысқарту немесе одан мүлдем бас тарту жағдайлары қарастырылуы мүмкін.

Бұған дейін хабарланғандай, Еуроодақ елдері Ресейге қарсы санкциялардың бесінші пакетін мақұлдады.

Тыйым салынған экспорттық тауарлардың көлемі 10 млрд еуроға бағаланады, ал «шикізат пен маңызды материалдардың» импортына қойылған шектеулер 5,5 млрд еуроны құрайтын тауарларға әсер етеді. 

Ресей туымен жүзетін кемелерге Еуропа елдерінің порттарына кіруге тыйым салынады, ал Ресей Федерациясы мен Беларусьтің көлік компаниялары енді Еуроодақ аумағында жұмыс істей алмайды.

Сонымен қатар Еуроодаққа мүше 27 елдің өкілдері Ресейден көмір жеткізуге эмбарго енгізуге және Ресей кемелері үшін ЕО кемежайларын жабуға келіскен еді.