18 қаз, 2021 сағат 12:00

ЕуроОдақтың сынына ұшыраған Минск Франция елшісін шығарып жіберді


Беларусь билігі Франция елшісі Николя де Лакостты шығарып жіберді. Бұған Еуропа одағының Беларусь президенті Александр Лукашенко халықты қуғын-сүргінге ұшыратты деп сынауы түрткі болған.

Былтыр ғана қызметіне кіріскен Николя де Лакост Беларусь Сыртқы істер министрлігінің талабымен 17 қазанда елден шығып кеткенін Беларусьтегі Франция елшілігі растады, деп хабарлайды Азаттық.

2020 жылы тамызда Беларусьте өткен президент сайлауынан кейінгі бейбіт шерулер күшпен басылып, қуғындалған соң Де Лакост Александр Лукашенкомен байланысуды доғарған.

Кейінгі 14 айда Беларусь полициясы мыңдаған адамды түрмеге қамап, Лукашенко билігімен келіспейтін жүздеген адамды азаптаған соң Еуропа одағы қатаң санкциялар салған.

Франция елшілігі дүйсенбіде Николя де Лакост беларусь халқымен қоштасу хатын жариялайтынын хабарлады.