31 жел, 2019 сағат 11:03

Еуро-5 талаптарына сай 60 экологиялық автобус Алматы көшелеріне шықты

Алматы жолдарына қазақстандық өндірістің Golden Dragon маркалы жаңа автобустары шықты. Сығылған табиғи газбен (CNG) жұмыс істейтін экологиялық автобустар аса қарқынды жолаушылар ағыны бар бағдарларға қызмет көрсетеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Автобус паркін жаңарту және қаланың қозғалыс бағдарлары желісін ұлғайту бойынша көлік реформасы шеңберінде «Астана Моторс» компаниясы елімізде құрастырылған Golden Dragon 18 метрлік жаңа 60 экологиялық автобустарды шығарды.

«18 метрлік автобустардың сыйымдылығы аса қарқынды жолаушылар ағыны бар қалалық бағдарларға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Golden Dragon барлық біріктірілген автобустардың қозғалтқыштары газбен жұмыс істеу үшін бейімделген, жану кезінде зиянды заттардың ең аз мөлшері пайда болады, бұл қалалық көлік үшін өте маңызды. Алдағы төрт жылда бұл отын түріне ел бойынша 50 мың бірлік автокөлікті ауыстыру жоспарланып отыр» делінген хабарламада.

Барлық автобустар Еуро-5 стандартының талаптарына сай. Төмен қабатты автобустардың кең салонында барлық қауіпсіздік, бейнебақылау, ақпараттандыру, диспетчерлермен байланыс жүйелері бар, кондиционер бар. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға ыңғайлы болу үшін арнайы механикалық платформалар қарастырылған. Автобустардың сыйымдылығы - 150 жолаушы, 36 - отыратын орын және 1 - мүмкіндігі аз жолаушылар үшін.

 

«Компания отандық автобустарды шығаруды жолға қойды және жолаушылар мен жүргізушілердің барынша қолайлылығы үшін тасымалдаушылардың барлық сұраныстарын есепке алуға мүмкіндігі бар. Отандық автобустарды шығару еліміздің аса тозған қоғамдық көлігін жаңарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны табысты іске асыруға септігін тигізетініне сенімдіміз. Еліміздің автобус парктері үшін қолайлы қаржылық жағдай жасалған және олар техниканы ыңғайлы шарттармен қаржы лизингіне сатып ала алады», - дейді «Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

Автобустар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «ҚДБ-Лизинг» АҚ бағдарламасын жүзеге асыру аясында қоғамдық көлікті отандық автобустармен жаңарту және жаңғырту бойынша сатып алынған. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен іске қосылды және елдің автобус паркіне келісім-шарт құнының 15% бастапқы жарнасымен 7 жыл мерзімге несие беру мөлшерлемесімен техника сатып алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бүкіл ел бойынша аса тозған, пайдалану мерзімі 12 жылдан асқан 6 мыңнан астам автобус тіркелгенін ескерсек, аталмыш бағдарлама жолаушылар тасымалы желісінде халыққа қызмет көрсету сапасының деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.