«Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген Ғабит Мүсіреповтің қанатты сөзі жайдан-жай айтылмаса керек-ті. Мақсаты осы сөзбен мазмұндас ТМД, Еуропа және Азияның 30-дан астам мемлекетінің өкілдері 9-12 қараша аралығында өтетін «Eurasian Book Fair-2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылуында бас қосты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан көрменің ұйымдастырушысы «Фолиант» баспасы екенін айта кетсек дейміз. Еуразия кеңістігіндегі ең ірі мәдени-ағартушылық шара болып табылатын «Eurasian Book Fair-2016» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Алғашқы Еуразия кітап жәрмеңкесі ТМД, Еуропа мен Азия мемлекеттерінің баспа, кітап саудасы, ғылыми-ағартушылық және полиграфиялық компаниялардың басын біріктірді. Оқырмандар мен сатып алушылар назарына жақын және алыс шет мемлекеттердің кітап шығару және полиграфия саласындағы жетекші баспа үйлерінің заманауи кітап өнімдерінің ассортименті және жаңа технологиялары ұсынылды.
Көрме ашылуының құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, Беларусь Республикасы Ақпарат министрінің бірінші орынбасары И.Луцкий, Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Б.Есенькин және т.б. болды.
«Биыл еліміз үшін тарихи белес – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Бұл кезең Қазақстан тарихы үшін дәуірлік оқиғалармен өлшенетін бейбітшілік пен келісімнің шежіресіне айналды. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық белесі аса жауапты тарихи міндетті орындау кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Бес институттық реформаның түпкілікті мақсаты, арман-мұраты ортақ, Болашағы біртұтас ұлт құру екенін атап өтуіміз керек. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында Қазақстан дүние жүзінің мемлекеттерімен экономикалық қана емес, мазмұны терең, тарихи, мәдени байланыстар орнатты. Осының дәлелі ретінде бүгінгі өткізіліп отырған І Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі», деді Мемлекеттік хатшы.
Көрме шеңберінде мәдени бағдарламалар жүзеге асырылатын болады. Шара ұйымдастырушыларының ақпаратына қарағанда, көрме-жәрмеңке жұмыс істейтін күндердің әрқайсысының әр сағатында түрлі мәдени-сауық, ғылыми шаралар өткізіледі. Мұндай шаралардың қатарына ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тұсаукесерлер, дөңгелек үстелдер, танымал мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен ақындар, соның ішінде әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесу, форумдар, байқаулар мен викториналар кіретінін де естеріңізге саламыз. Солардың бір легі кеше болып өтті. Дәлірек айтсақ, Ұлттық музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Қазына» топтамасымен шығарған алғашқы кітаптарының таныстырылымы. Олар – «Ғасырлар алтыны. Ұлттық музейдің алтын және күміс бұйымдарының топтамасы» және «Ұлттық музей топтамасындағы қазақтың зергерлік өнері» атты түрлі-түсті альбом-каталогтар мен Қалиолла Ахметжанның «Қазақтың отты қаруларының тарихы» кітабы. Бұл сериялық басылымдарды дайындау мен басып шығарудағы негізгі мақсат – Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихы мен мәдениетіне қатысты тың материалдарды жинақтау, ғылыми талдау және толыққанды дерек ретінде ұсыну, ғылыми айналымға енгізу.
Сонымен қатар, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының Ұлттық музей ғылыми-методикалық кеңесінің мақұлдауымен және Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Шоқан Уәлиханов» атты тарихи-ғұмырнамалық кітабының орысша жаңа басылымының таныстырылымы өткізілді. Ол шығарманың алғашқы басылымының тұсаукесері 2015 жылдың соңында Мәскеу қаласындағы Орыс география қоғамының штаб-пәтерінде өткен болатын.
Сондай-ақ, шара шеңберінде Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қаламгер» атты республикалық форум болып өтті. Форум аясында «Үздік жазушы», «Үздік ақын», «Үздік балалар жазушысы», «Үздік балалар ақыны», «Үздік драматург» аталымдары бойынша онлайн-байқау қорытындысы шығарылып, көрерменнің көңілінен, оқырманның ойынан шыққан үздіктер марапатталды. Форумның негізгі мақсаты – қоғамның әлеуметтік белсенділігі мен шығармашылықтарын дамыту құралы, мәдениеттің маңызды элементі ретіндегі оқуға жан-жақты қолдау көрсету, қазақстандық ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттауға және оқырмандардың сүйікті авторларын анықтауға септесу. Жиынға қатысушы зиялы қауым өкілдері «Қазіргі қоғамдағы әдебиеттің рөлі мен орны», «Адам өміріндегі кітап құндылығының мән-маңызы», «Кітапхана Қазақстанның шығармашылық интеллигенциясы өкілдерін бірлестіру орталығы ретінде», «Кітапхана – Кітап – Жазушы» тәрізді тақырыптар төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.
«Тәуелсіздік жылдарында талантты ақын-жазушылардың тұтас тобы пайда болды, қаламгерлер қазақ әдебиетіндегі салт-дәстүрді әрі қарай жалғастыра отырып, Отанымыздың Тәуелсіздігін қалыптастыру мен дамытуға үлес қосатын болады. Оқырмандар арасында сүйікті авторларды анықтау мақсатында Ұлттық академиялық кітапхана 3 қарашадан 7 қарашаға дейін «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қаламгер» тақырыбындағы байқауға онлайн-дауыс беру жүргізді. Үздікті таңдауға дауыс беріп, ат-салысқандар көп болды. Барлығы әділ болған сияқты», дейді байқауды ұйымдастырушылар.
Иә, дүйім дүние дамудың даңғыл жолына түссе де, кітап – өз биігінен төмендемейтін құнды мұра. Оны ұрпақтан ұрпаққа желісін үзбей жеткізу қоғамның әр мүшесінің арына жүктелген маңызды міндет болар. Кешегі көрменің көркін келтірген тағы бір тағылымды шара «Түркітанудағы аударма ісінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ашық семинар деуге болады. Алқалы жиынға Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани, Моңғолияның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Баатарчулуун Лхагва сынды дипломаттар, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Жандос Асанов, сондай-ақ, түркі халықтарының ежелгі ескі мұраларын қазіргі тілімізге аударған белгілі түркологтар, әдеби шығармаларды аударып насихаттаған кәсіби аудармашылар, аударма теориясын зерттеуші ғалымдар қатысты.
Тарих ғылымдарының докторы Д.Қыдырәлі жүргізіп отырған семинардың алғашқы бөлімінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Түркі мұрасының тәржімалары: тәжірибе және тағылым», «Назарбаев Университеттің» профессоры, түрколог Юлай Шамилоғлы «Түркі тілдерінің қазіргі әлемдік аударма өнеріндегі орны мен мүмкіндігі», сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Жандос Асанов «Аударма – түркі халықтарының рухани бірлігінің алтын көпірі» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.
Бұдан бөлек, семинар барысында TWESCO тарапынан әзірленген, Түркі әлемі аударма ісіне маңызды қызмет ететін екі ғылыми басылымның тұсаукесер рәсімі өтті. Осылайша Академия түркітанудағы іргелі еңбек саналатын «Древнетюркский словарь» («Көне түркі сөздігі») мен қырғыз ғалымдары К.Конкобаев. Н.Усеев, К.Шабданалиевтің авторлығымен жарық көрген «Атлас древнетюркских письменных памятников республики Алтай» («Алтай республикасының көне түркі жазба ескерткіштерінің атласы») кітаптарын көпшілікке таныстырды. Аталған басылымдар кәсіби түркітанушылар және көне түркілердің мәдениеті, тілі мен тарихына қызығатын жалпы оқырман қауымға арналған. Сонымен қатар, Академия басшысы Түркі әлемі аударма ісіне ерекше еңбек сіңірген тұлғаларды марапаттады. Атап айтсақ, «Түркі әлемі ақын-жазушыларын насихаттау мен аударуға үлес қосқаны үшін» түркиялық жазушы, көркемсөз шебері Зафер Кибар және көрнекті түркітанушы ғалым Сейсенбай Құдасов «Көне армян-қыпшақ мұрасын зерттеп, тәржіма ісіне қызмет еткені үшін» Алғыс хаттарға ие болды.
Аталмыш көрме қарашаның 12-сіне дейін жалғасады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»