Бап. Бақ. Тақ.
Елге танымал атқа мiнерлерге қатысты соңғы кадр өзгерiстерiнен бiрiздiлiк пен логика iздеп, президент шешiмдерiне нақты себеп не сылтау iздеп жатқандарға таңғаламын. Өйткенi ешқандай қисын жоқ: баяғы кадрлық жартас – сол бiр жартас, бәрi де сол ескi сарын, субъективтiк таңдау, қоғам мен билiкте жылдар бойына өз шешiмiн таппай, қордаланып қалған проблемаларды тағы да кейiнге қалдыру. Президентке кiм бүгiн сөзiн өткiзе алды – соның асығы алшысынан түседi, дегенi болады.
Десек те, осы кадрлық қайта құруда бұрын-соңды болып көрмеген бiр жаңалық бар. Ол “президент жүйенi өзгертуден гөрi сол жүйенiң кейiпкерлерiн өзгертуге көштi” дегенге саяды. Бұл да бiр қызық трансформация болғалы тұр!
Ендi сол кейiпкерлерге көшелiк.
Алдымен мемлекет басшысының жанында сонау КСРО кезiнен айырылмай келе жатқан сыралғы достары, “ескi гвардия” туралы айту керек. Уақыт өз дегенiне көндiредi. Осы күнге дейiн қоғамдық санада мызғымастай, орнынан ешқашан жылжымайтындай боп көрiнген тұтас бiр толқын ақырындап жылы орындарын босата бастады. Әрине, олар әзiрше өз күшiнде, Н.Назарбаевқа, айналаға ықпалы бар. Бiрақ, замандары өтiп барады. Президенттiң өзi “зейнеткерлiк” факторды мойындап, өзiнiң ежелден берi келе жатқан серiктестерiне қатысты шешiмдер қабылдап, бiрiн қызметтен алып, ал бiрiне сонау 2020 жылға дейiн моральдық әрi психологиялық индульгенция, яғни рұқсат пен мұрсат берiп жатыр. Бiрақ өмiрдiң, саяси қызметтiң объективтi сипаттағы өз заңдары бар, олар пенделердiң қалауына, оның iшiнде президенттiң жарлығына бағына бермейдi ғой. Ресми рұқсат алған ол зейнеткерлердiң тағдыры ертең-ақ басқаша құбылып кетпесiне ешбiр кепiлдiк жоқ.
“Ескi гвардияға” эпитафия оқып, саяси “жаназасын” шығару, әрине, тым ерте. Және де ол толқынға лайықты баға беру керек деп ойлаймын.
Бiр сөзбен айтсам, осы жылдар iшiнде билiктiң тұрқы қандай болды – “ескi гвардия” да сондай болды. Керiсiнше де айтуға келедi.
Мойындау керек, елдiң экономикасында, әлеуметтiк өмiрiнде атқарылған бiршама оң өзгерiстерге олардың да тiкелей қатысы бар.
Бiрақ бүгiнде бiз “ескi гвардияны” мақтаудан гөрi, оның осы 25жыл iшiндегi тiрлiгiнiң көлеңкелi тұстарын атауға тиiспiз. Ол ең алдымен болашақ үшiн керек.
Осы уақыт iшiнде билiк атқарған бар тiрлiк үшiн – жақсысы да бар, жаманы да бар – олар да өз басымен жауап бередi. Өйткенi сол “гвардия” ең басты саяси шешiмдердiң басы-қасында жүрдi. Сол кезеңнiң қызығын да, шыжығын да көрдi. Тәттiсiн де, ащысын да татты.
“Ескi гвардия” түбi өткен заманда, олар, Н.Назарбаев секiлдi Кеңес Одағының “шекпенiнен” шықты. Сондықтан да 70 жыл бойына тұтас бiр империяда үстемдiк еткен бiрпартиялық идеологияның “солшыл балалық сырқаттарын” өз бойына сiңiрiп қалды, ол вирустан арыла алмай-ақ қойды. Сол ескiрген сарын тәуелсiз Қазақстанның iшкi және сыртқы саясатында әлi де бой көрсетiп келедi.
Бұрын таза партиялық және бюрократиялық қызметте ғана болып, ешқашан нақты бизнеспен айналыспаған “ескi гвардияның” тарихи бiр сәтте Құдайы берiп, тұтас бiр мемлекеттiң аса бай қорын ешбiр бәсекесiз иеленiп қалды. Бұрынғы жалпыхалықтық зауыттар мен фабрикаларды, Менделеев таблицасының барлық дерлiк элементтерiн қамтитын жер қойнауы байлығын сол топ өз меншiгiне айналдырды. Сөйтiп, “ескi гвардия” Қазақстан экономикасын олигархтандырудың негiзiн қалады, несiн жасырайық, өздерi де (не бала-шағасы, не достары) сол олигархтардың тiзiмiне ресми түрде ендi. Бұрын онысын айтуға қымсынатын едi, қазiр ондай әдептiлiк атымен жоқ: “Форбстың” төрiне шығамын деп бiр-бiрiмен таласып, елдi шаршатты әбден.
Кеңестiк сана сарқыншағының ерекше атар бiр көрiнiсi – “ауру қалса да, әдет қалмайды” дегендей, “үлкен ағаны iздеу” синдромы. Ол бүгiнде басқару элитасындағы кейбiр тұлғалардың Кремльге ретсiз жалтақтай беруiнен анық байқалады.
Кешегi коммунистердiң жаңа Қазақстандағы демократия мен адам бостандықтары сияқты түпкiлiктi құндылықтарға жан-тәнiмен қарсы болып, балама ой айтқан кез келген адамның түбiне жететiнi туралы әңгiме айтудың өзi де артықтау: оны жұрттың бәрi бiледi.
Ендi мiне, хэммингуейшелесек, осы толқынға да “қоңырау соғылды”.
Биологиялық әрi саяси себептермен “ескi гвардия” тарихи сахнадан кетерi анық. Оның орнын кiмдер басады? Осы сұрақ менi жиi мазалайды.
Әрине, “ескi гвардияның” өкшесiн басып, билiкке келiп жатқан “жаңа гвардияның” өзi екi түрлi.
Бiрi – алпысты алқымдап қалғандар. Олар бiр жағынан “ескi гвардияға” жақын, өйткенi оған тәуелдi. Екiншiден, олар соны толқын – “болашақшылармен” де тiл табысқысы келедi, өйткенi шынымен де болашақ солардың қолында.
Ол толқын баяғыдан-ақ әрi бүгiн де билiк басында. Ол шоғырдың тағдыры да әрқилы.
Бiрi – өмiр бойы бастық болып, жайғасқан орынтағын әкесiнен қалған мұрадай сезiнiп жүр. Олар “ақпан соқса өлмейдi, тоқпан соқса өлмейдi!”. Тiптi бiзде аты-жөнi “пәленше iстердiң министрi”, “түгенше облыстың не ауданның әкiмi” деген анықтауышсыз қабылдана алмайтын тұлғалар бар. Құдды бiр сол әкiмдiгi мен министрлiгiн азан шақырып қойған атымен бiрге тууы туралы куәлiкке жазып қойғандай!
Ал бiрi қалыптасқан жүйеге сiңiсе алмай, не сыртта жүруге мәжбүр. Не ел iшiнде жүрсе де, билiктен тыс қалған. Бiрақ менiң пайымдауымша, баррикаданың екi бөлек жағында жүрсе де, олардың ортақ мүдделерi мен өмiртанымдық ұстанымдары бар...
“Болашақшылардың” да орны бөлек. Олардың басты бағдары, басым бағыттары, саяси таңдауы және оларға қоғам қояр талап қандай болмақ?
Ол ұрпақты шартты түрде транзиттiк, яғни болашақта шын мәнiнде, демократиялық, халықшыл болатын өкiметке көшудегi өтпелi үкiмет ретiнде қарастыруға бола ма? Әлде олар “ағашкалардың” қолына су құйғанын мiсе тұтып қалатын, “барып кел, шауып кел”, шабармандық рөлде қала бере ме?
Сана тәрбие мен тiлмен келедi. Өкiнiшке қарай, “жаңа гвардияның” көбiсi не орысша, не ағылшынша бiлiм алып, қазақы сана мен тiлден аулақтанып кеткен. Орыс тiлдiк фактор олардың дүниетанымында “ресейлiк” вектордың басым болуына өз әсерiн тигiзуде. Сондықтан да олар кеңестiк идеология салтынан мұра боп қалған Кремльге әлi де жалтақтайтын сияқты. Әйтпесе, жалпыадамзаттық өркениеттiк таңдау жолында бiржақты ресейлiк бағыттың өзiндiк зияны бар екенiн президентке барып неге үгiттемейдi?
Менiңше, Ақорда маңындағы ардагерлердi ғана емес, осы жылдары қоғамда үстемдiк етiп келе жатқан саяси жүйенiң өзiн зейнеткерлiкке шығарып салмай, жағдай өзгермейдi!
Батыста оқығандары да дұрыс. Бiрақ өкiнiштiсi сол шетелдiк формацияның заңдары мен тәртiбi бiздiң елде орнамағандықтан, олардың теориялық бiлiмi мен практикалық танымының арасында үлкен қарама-қайшылық орын алып жатқаны да жасырын емес.
Олардың алдында бiр моральдық-психологиялық дилемма бар. Оның мәнiсi мынада: дамыған батыс елдерiнде бизнес жасау мен мемлекетке қызмет ету бiр бөлек те, жемқорлық өмiр салтына айналған, “сәке-мәкесiз”, тон болмаса да, жол болатын орамалсыз шаруа шешiлмейтiн бiздiң елде ондай тiрлiк жасау – мүлдем бөлек, тiптi бiр-бiрiмен қабыспайтын ұғымдар. Олар соның қайсысын таңдайды? Мiне, гәп сонда!
Шетел бiлiмi, сөзсiз, керек. Мемлекетаралық, ұлтаралық тiларалық, экономикааралық интеграцияны қайткенде де жоққа шығара алмаймыз. Бiрақ осынау ғаламдану заманында кез келген ұлт үшiн бiр әмбебап қауiп бар: жаһандану өз жұртыңа тән жақсы қасиеттердi жойып қоймауы тиiс.
Ұлттық тұрғыдан алғанда принципшiл, әрi осы позициясын табанды да тиiмдi қорғай алатын, басқа ұлтты ренжiтпейтiн, бiрақ оған жалтақтамайтын кадрлар керек! Гарвард пен Мәскеу осындай кадрларды бiзге бере алды ма?! Оған үлкен күмәнiм бар. Оның бiр себебi мынада.
Менiңше, қазiр бiздiң елде орын алған непотизм (яғни кадр саясатындағы туысқаншылдық) ұлттық мүддеге өз кесiрiн тигiзетiн бiр феномендi туғызды. Бәрi шетiнен “атадан асып туған” олар өз кланы не тобының арқасында өстi, оған өмiрлiк қарыздар. Ендi әкiм не министр болған кадр “тура биде туған жоқ” қағидасын ұстанып, ұлттық, мемлекеттiк мүдденi өз жақындарының мүддесiнен жоғары қоя ала ма? Мәселен, бiр кадрлық не тендерлiк шешiм қабылдағанда өз отбасы мен руының сойылын соғып кетпей ме? Мұның өзi ертең басқару топтары мен күллi қоғам арасында жiк туғызбай ма?
Не iстемек керек?
Менiңше, елдегi кадр саясатын мейлiнше демократияландыру қажет. Яғни аспандағы айға қол созғандай болмай, шыққан тегi мен түбiне, әлеуметтiк жағдайына қарамай, кез келген қазақ ертең өзiнiң бiлiмi мен қабiлетiне байланысты ғана өсе алатынына, өзiнiң қалаған кәсiбiмен, соның iшiнде мемлекеттiк қызметпен, ғылыммен, өнермен, кәсiпкерлiкпен айналысып, табысқа жете алатынына сенiмдi болуы шарт.
Әйтпесе, өз туыстарын өсiрiп жатқан президенттен үлгi алып, өз жұрағатын ғана қызметпен қамтамасыз етiп, төмендегiлер де бұзылып, iштей шiрiгенiн ел көрiп жатыр ғой! Жоғарыда көкесi жоқ қаншама адал әрi бiлiктi жасқа обал жасалып жатыр десеңiзшi!
Ол үшiн жасалуға тиiстi алғашқы қадам – барлық деңгейдегi әкiмдердi халық болып сайлау. Кiмнiң кiм екенiн сол таңдау көрсетедi. Президенттiң, басқа бастықтардың да балалары елмен бiрге сол сайлауға түссiн! Әркiм ел алдына шығып, ойындағысын айтсын, ел көңiлiн ауласын. Сол сең қозғалса, елде қалыптасып қалған құбыжық жүйенiң көбесi сөгiлiп, жаңаша идеялар мен тұлғалар шығады, қалыптасады.
Сонда бақтан гөрi бап шабады. Таққа адал әрi халықшыл тұлғалар келедi. Сонда кадр да өзгередi. Қоғам да өзгередi.
Әмiржан ҚОСАНОВ,
"Жас Алаш" газеті