Ескендір Сүлейменов қаза болған жол апатына кінәлі деп танылған Малика Мұхитова бүгін қамауға алынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Есіл аудандық №2 сотының судьясы Қанат Тобағалиұлының айтуынша, заң бойынша бүгін тиісті қаулы түсуі керек. Содан бастап кінәлі адамды қамауға алу шаралары басталады.
«Күні кеше ғана М.Мұхитоваға қатысты алғашқы соттың үкімі өзгеріссіз қалды. Ол жайында бұқаралық ақпарат құралдары да жазды. Бұған дейін Мұхитованы қамауға алу туралы шешім шығарылған болатын. Алайда соттың үкімі заңды күшіне енуі тиіс. Кеше аппеляциялық инстанцияның шешімімен соттың үкімі заңды күшіне енді. Демек, бүгіннен бастап кінәлі азаматты қамауға алу шаралары қолға алынуы шарт. Қаулы түскен бойда біз аталған құжаттың көшірмесін тиісті органдарға жіберетін боламыз. Сол кезде М.Мұхитованы тергеу абақтысына, одан кейін колонияға жібереді. Аталған түрме минималды қауіпсіздік деңгейі бар мекемелерге жатады», - деді Қ.Тобағалиұлы Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, 2018 жылдың маусым айында Астанада жол апатынан ақын Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы жиені Ескендір Сүлейменов мерт болды. Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды. Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы Малика Мұхитоваға қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Кейіннен М.Мұхитова Қызылорда облыстық ІІД (Полиция департаментінің) бастығының қызы екені анықталды.
Аталмыш іс бойынша сот процесі 12 қазанда басталды.