Астанада жол апатынан көз жұмған Ескендір Сүлейменовтің ата-анасы айыпталушы Малика Мұхитовадан материалдық шығын өтеу туралы талап-арызды қайтарып алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Астана қалалық екінші сотында Сүлейменовтер отбасының қорғаушысы Дамир Сандинов тиісті қолдаухатты оқып берді.
"24 қазанда болған сот отырысында зардап шеккен тараптың өкілі сотталушы Мұхитовадан мүліктік шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арыз берген еді. Қазақстан Қылмыстық кодексінің 169-бабы 1-тармағына сәйкес азаматтық талапкер қылмыстық процестің кез келген кезеңінде талап-арызды қайтарып алуға құқылы", — деді адвокат.
Қорғаушы судьядан зардап шеккен тараптың материалдық шығынды өтеу туралы азаматық талап-арызын қарамауды өтінді.
Бұған дейін зардап шеккен тарап сотталушы Малика Мұхитовадан 14 миллион 753 мың теңге мөлшерінде мүліктік шығынды өтеуді талап еткен еді.
Кейінірек, марқұмның анасы Лейла Сүлейменова судья Қанат Тобағалиұлы материалдық шығынды көрсетуді талап еткенін айтты.
Айта кетейік, іс бойынша прокурор Ә.Бараев соттан айыпталушыны 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Ескендір Сүлейменовтің Ұлы Дала көшесінің қиылысын бағдаршамның жасыл түсі жанып тұрған кезде өтпек болғаны анықталды. Мына жайға мән бере кету керек: ол (Сүлейменов - авт.) көше қиылысының 80 пайызын өтіп, қозғалысын аяқтауға жақын қалған (...) Жүргізуші көлігімен солға бұрылу кезінде қарама-қарсы бағытта келе жатқан көлік құралына жол беруі керек», - деді прокурор бүгінгі сот отырысында.
Айыптаушы өз сөзінде сот отырысында айыпталушы Мұхитованың ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-ші бөлігі (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша кінәсі дәлелденгенін атап өтті.
«Құрметті сот, жазалау мәселесін шеше отырып, әділетті жаза түрін айқындау үшін барлық фактілер ескерілуі керек деген ойдамын. ҚР Қылмыстық кодексінің 53-ші және 54-ші баптарына сәйкес, айыпталушының жазасын жеңілдететін және ауырлататын жайттардың бәрі ескерілуі тиіс. Жеңілдететін тұсқа айыпталушының қылмысты бірінші рет істеп отырғанын, ісіне өкінетіндігін жатқызуға болады. Ал жазаны ауырлататын тұсты айыптаушы тарап көріп отырған жоқ. Осылардың бәрін ескере келе, Малика Мұхитованы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, екі жылға бас бостандығынан айыру, көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыру жазасын тағайындау сұралады», - деді прокурор.
Прокурор айыпталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің минималды қауіпсіздік мекемесінде өтеуі керектігін сұрады.
Еске сала кетсек, белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі 27 жастағы Ескендір Сүлейменов Астанада жол апатынан көз жұмған еді. Жол апаты Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болған. Жас жігіт мотоцикл жүргізіп келе жатқан. Ескендір Сүлейменовті Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова қағып кеткен. 29 жастағы Малика Мұхитова өткен аптада өткен сот отырысында марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады. Өзінің кінәсін толығымен мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді.
Айтуынша, көлікті 2012 жылдан бері жүргізеді, алты жыл ішінде бірде бір рет жол-көлік оқиғасына ұшырамаған.
Айыпталушы "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясында жұмыс істейді, тұрмыс құрмаған, бұрын сотталмаған.