21 шіл, 2023 сағат 19:15

Есірткі зертханасын ұйымдастырған шетелдік азамат ұсталды

Фото: Polisia.kz

Елорда полицейлері шетелдік азамат ұйымдастырған есірткі зертханасынан 22 келі “синтетика” және 2 тоннадан астам прекурсорды тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордалық полиция департаментінің қызметкерлері ІІМ ЕҚҚІД бірлесіп, прокуратурамен келісілген жедел-тергеу іс-шаралар кешенін жүргізу барысында синтетикалық есірткі өндірумен және оларды Қазақстан аумағында сатумен айналысатын қылмыстық топтың әрекетін тоқтатқан.

"Арнайы құрылған жедел-тергеу тобы, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жауынгерлерінің қатысуымен, Астанада және Қарағанды облысында тыйым салынған заттарды өндіру үшін елге келген Украина Республикасының 52 жастағы азаматы басқарған қылмыстық топтың 7 қатысушысын бір мезгілде ұстады. Синтетикалық есірткі жасау үшін қаскүнем Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Керней ауылында жеке үй сатып алып, Қазақстанның жеті азаматын жалдаған. Анықталғандай, ұсталғандардың әрқайсысының “қылмыстық тізбекте” өз рөлдері болған", – дейді Астана қаласы ПД бастығы Марат Төлебаев.

Астана – Қарағанды тас жолында полицейлер қылмыстық топта тасымалдаушы болған елорданың 43 жастағы тұрғынын ұстаған. Бұдан әрі жедел іс-шараларды өткізу барысында қылмыстық топ жетекшісінің өзі де есірткі дайындау кезінде ұсталды.


"Есірткі зертханасын тінту кезінде өндірілген “синтетиканың” 22 келісі тәркіленді, бұл тұтынушыға жетпейтін және жойылатын 100 мыңға жуық бір реттік дозаны құрайды.

Сондай-ақ ол жерден екі тоннадан астам прекурсор, екі реактор, химиялық қорғаныс костюмдері және синтетикалық есірткі өндіруге арналған басқа да зертханалық жабдықтар табылды.

ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Қылмыстық әрекетті ұйымдастырушы мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін" - делінген ІІМ баспасөз қызметі хабарламасында.