Атырауда есірткіге елтіген күйінде көлік басқарып, психотропты дәрі сақтаған өзбекстандық әйел 6 баласымен ел аумағынан шығарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Есірткіге мас күйде көлік басқарып, қол сөмкесінде 34 дана әртүрлі психотроптық дәрі-дәрмек сақтаған 30 жастағы Өзбекстан азаматшасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданған болатын. Тексеріс барысында тәртіп сақшылары 30 жастағы шетелдік азаматша мен оның 6 баласының құжатсыз жүргенін анықтаған.
Шетелдік әйел Атырау қаласына 2013 жылы келіп, жеке басын анықтайтын құжаттарын жоғалтып алған. Сонымен қатар 7, 5, 3, 2, 1 жастағы және 2022 жылы туған балаларының да құжаттары болмаған. Осылайша, Атырау қалалық Полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері Атырау қалалық перзентханасынан кәмелетке толмаған алты балаға туу туралы анықтама алып, Өзбекстан Республикасының Елшілігіне аталған әйелді еліне қайтару үшін берілетін куәлікті алып беруге ықпал етіп, тиісті заңды көмек көрсетті.
Атырау қаласы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен 30 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматшасы алты баласымен ҚР аумағынан тысқары шығарылды.