01 қар, 2019 сағат 17:27

Есімов пен Сағынтаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Алматыда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланы дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесу барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ мен Алматы әкімдігі Энергетикалық, ақпараттық-коммуникациялық, әлеуметтік салалардағы жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум энергетика кешенін, электрондық сауда мен пошта желісін, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды, импорт алмастыруды және жергілікті қамтуды дамыту, сондай-ақ Алматы кәсіпкерлеріне Қор тобының сатып алуларына қатысу сияқты бағыттарды қамтиды.

Қор басшысы импорт алмастыруды және жергілікті қамтуды дамыту мақсатында Алматы қаласында жаңа өндірістер құру бойынша жобаларды іріктеуді жүргізетінін атап өтті.

«Біз Қазақстанда өндірілмейтін тауарларға зерттеу жүргіземіз және егер инвестор өндірісті іске қосса, біз сатып алуды қамтамасыз етеміз. Қор осындай жобаларды қолдауды оффтейк келісімшарттарға қол қою арқылы жүзеге асырды, яғни бұл алдын ала төлем жасау арқылы ұзақ мерзімді тапсырыстар механизмі арқылы жүргізіледі»,- деді Қордың Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Алматыда ұялы байланыс қызметінің сапасын жақсарту шеңберінде «Самұрық Қазына» қоры 2019-2020 жылдары 2G/3G/4G стандартының 63 базалық станциясын және 2021 жылға қарай 5G стандартының ілкі жобасын іске қосуды қамтамасыз етуге ынталы болып отыр.

«Меморандум қаланың бизнес-қоғамдастығының қор компанияларымен ынтымақтастығын нығайту бойынша нақты шараларды қамтиды. Біздің кәсіпкерлер »Самұрық-Қазына« ҰӘҚ қажеттіліктері үшін жоғары сапалы өнім жеткізуге дайын. Әрине, байланыстардың нығаюы Алматы экономикасының дамуына және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыруға үлкен қолдау көрсетеді», - деді Бақытжан Сағынтаев.

 

Құжат сондай-ақ жылумен және электрмен қамтамасыз ету жүйелерін перспективалы дамытудың бірыңғай техникалық саясатын анықтауды, ШОБ-ты дамытуға және дарынды жастарды жұмыспен қамтуға және қолдауға жәрдемдесуді, ұтқыр байланыс қызметтерінің сапасын жақсартуды және интернет желісіне сапасы жоғары жылдамдыққа қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді.

Сонымен қатар, тараптар табиғи газды моторлы отын ретінде пайдалануды кеңейтуде, әлеуметтік сала мәселелерін шешуде, Алматы қаласын «Ақылды қала» ретінде дамыту жөніндегі шараларды қолдануда, сондай-ақ тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын автоматтандыруда және қала қауіпсіздігінің мониторингін қамтамасыз етуде ынтымақтасатын болады.

Меморандумға сәйкес әлеуметтік сала мәселелерін шешуде әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, аутизмді дәрі-дәрмексіз түзету, балаларды отбасына орналастыруға заңды түрде қолдау көрсету, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау, түзеті мектептері мен балабақшаларын, паллиативтік көмек ауруханаларын, туберкулезге қарсы диспансерлерді материалдық-техникалық жарақтандыру бағыттары бойынша мәселелері шешілетін болады.