25 шіл, 2022 сағат 16:54

Есіктегі атыс: күдіктілердің бірі ұсталды


Алматы облысының полицейлері Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында болған атысқа қатысушылардың бірін ұстады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұсталған 30 жастағы ер адам болып шықты. Қазір ол қамауға алынған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ер адам - қылмысқа қатысы бар негізгі күдікті.

"Полиция оқиғаның қалған қатысушыларын ұстауға бағытталған жедел іс-шараларды жалғастырып жатыр. Іс Қылмыстық кодекстің үш бабы - "Адам өлтіру", "Адам өлтіруге оқталу" және "Қару қолдана отырып бұзақылық жасау" бойынша тергеліп жатыр. Қылмыстық іздестіру барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", - деді облыстық ПД баспасөз қызметі өкілдері.

Еске салайық, 23 шілдеге қараған түні Есік тұрғындары қала көшелерінен мылтық даусын естіген. Тексеруден кейін полиция 18 және 30 жастағы екі ер адамның оқ жарақатымен жергілікті ауруханаға жеткізілгенін анықтады. Кейінірек зардап шеккендердің бірінің қаза болғаны белгілі болды.