16 сәу, 2022 сағат 10:44

Есіктегі 4 жасар қызды зорлау ісі: оқиға туралы жаңа деректер анықталды


Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласында 4 жастағы қызды зорлаған ер адам ұсталды. Almaty.tv телеарнасы қылмыстың мын-жайын тарқатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Облыстық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, күдікті танысының үйіне қонаққа барған. Ішімдікке сылқия тойып алып, сол үйдің сарайында арам пиғылын іске асырған. Шаңырағымызға шұбар жыланды кіргізіппіз деген шағымданушы тарап қарындасын зорлаған 43 жастағы күдікті танысым дейді. Қызды жылап жатқан жерінен арашалап алған ағасының айтуынша, шыңғырған даусын естіп, сарайға ентелеп жүгіріп келген. Бірақ ол кезде әлгі қаскөй өзінің арам пиғылын іске асырып үлгерген. Зәбір көрген баланың жағдайын дәрігерлер орташа деп бағалады. Бала қатты қорқып қалған.

"Ота бөлмесінде балаға диагностикалық тексеріс жүргізіп, қан тоқтаттық. Жыныс мүшесінен қан кеткен. Анасының да, баланың да жағдайы жақсы. Қазір баламен де, анасымен де психолог жұмыс істеп жатыр", - деді Еңбекшіқазақ ауданы көпсалалы аурухана директорының орынбасары Гүлмира Отынбекова.

Телеарна мәліметінше, дүйім жұртты дүрліктірген оқиғаны жергілікті полиция сол күні бақылауға алып, куәгерлерден жауап алған.

"Кішкентай қызды зорлау дерегі 13 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданында болған. Аса ауыр қылмыс жасаған ер адам Қызылорда ауданының тумасы. Алдын-ала мәлімет бойынша ол қонаққа келіп, қылмыс жасаған кезде мас күйде болған. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр", - деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әбілтай Әбенов.

Ал жәбірленуші тарап, 4 жастағы қызды зорлаған күдіктіге ең ауыр жаза беруін талап етіп отыр. Оның үстіне әлеуметтік желідегі бұл іске қатысты тараған жалған ақпаратқа сенбеуін сұрайды.