14 нау, 2023 сағат 14:44

"Ешқандай қауіп жоқ" - БҚО әкімі Орал әуежайының шетелдіктерге сатылуы туралы

Фото: 2gis.kz

БҚО әкімі Орал әуежайының шетелдік инвесторларға сатылуына қатысты пікір білдіріп, әуежайдың 49 пайызы Ресей азаматтарына тиесілі екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

"Бұл мәміле жасырын жасалған жоқ. Бұл - стратегиялық нысан, бірақ бүгінде ұшу-қону алаңы республикалық меншікте", - деді Төреғалиев Үкімет отырысы кулуарында.

Әкім әуежайдың 49 пайызы ресейліктердің меншігіне өткенін нақтылады. Бұл ретте үлес қандай заңды немесе жеке тұлғаға берілгені көрсетілмеген.

"Демек, стратегиялық нысандардың бәрі мемлекет меншігінде. Бұл - қызмет көрсететін басқарушы компания. Ешқандай қауіп жоқ, сондықтан тұрғындарға дұрыс ақпарат берулеріңіз керек", - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Орал әуежайының сатылуы туралы қауесетке қатысты пікір білдірген болатын. Ол нысан сенімгерлік басқаруда болған деп жауап берді.