Есептік тіркеусіз азаматтарға қарыз берген субъектілер мәжбүрлеп таратылады. Бұл жайында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кредиттеу нарығында бірыңғай реттеушілік аяны және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап агенттіктің реттеу аясына халыққа қарыз беретін барлық заңды тұлғалар – онлайн кредиттеу компаниялары, ломбардтар және кредиттік серіктестіктер енгізілгенін атап өтеміз. Жұмыс істеп тұрған субъектілерді есептік тіркеудің шекті мерзімі 2020 жылғы 1 қыркүйекте аяқталды. 1 079 ұйым (барлық банктік емес ұйымдардың 33 пайызы), оның ішінде 650 ломбард, 202 кредиттік серіктестік және 227 микроқаржы ұйымы агенттікте есептік тіркеуден өтті», - деді ол.
Оның атап өтуінше, есептік тіркеуден өткен сәттен бастап барлық көрсетілген субъектілер пруденциялық нормативтерді, микрокредит беру туралы шарттарға қойылатын талаптарды, сыйақының шекті мөлшерлемелерінің шектеулерін сақтауға, қарыз алушылардың борыш жүктемесінің коэффициенттерін есептеуге және сақтауға, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
«Тіркеуден өтпеген 2 187 субъектіден 1 196 субъект әрекет етпейді, 744-і қызметін жалғастыруға ниеті еместігін, 247-сі жарғылық капиталдың ең төмен мөлшері жоқ екендігін хабарлады. Азаматтарға қарыз беру қызметін агенттікте есептік тіркеусіз жалғастырған жағдайда, бұл субъектілер мәжбүрлеп таратылатын болады», - деді Мәдина Әбілқасымова.