05 жел, 2018 сағат 09:36

Есенғали Раушанов. Желтоқсан

Әбілхан Қастеевтің “Желтоқсан. Жаңаөзен” атты аяқталмай қалған  суреттер топтамасының эскиздері оның Алматыдағы музей үйінде сақталған. Акварельдік жұмыстар.

Желтоқсан сайын сол суреттерді қайта бір көріп шығу әдетке айналғалы қашан. Көрген сайын Байронның “Манфредіндегі” бір жолдар жадымда жаңғырады. Оны сөзімнің соңында айтамын. Атақты суретші аталмыш топтамасын 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасынан көп жыл бұрын, 2015-жылғы Жаңөзен қырғынынан да көп жыл бұрын салған. Не ұқсастық бар? Не біріктіріп тұр бұл қайғылы күндерді? Қәне, бажайлап бір қаралық.

Жаңаөзен. Желтоқсан. Ызалы күн ызғырығы өңменіңнен өтіп құтырып тұр. Қайғылы емес, қаралы емес. Шаршаңқы да емес, шарасыз да емес. [Екібастан, шат шадыман шақтар туралы әңгіме болуы да мүмкін емес]. Ызалы. Неге ызалы ол? Қарақошқыл әлем қарғанып тұрған секілді. Жылап тұрған жоқ. Болдырып та тұрған жоқ. Айқайламайды, дауыс салып еңкілдемейді де. Қарғап тұр.  Кімді қарғап тұр ол? Қазір сәлден соң күн тұтылатын сықылды. Ойды қырға, қырды құрдымға қуардай суық жел азынайды. Қойны қонышыңнан өтіп, жылы денеңе әпсәтте жылан кіріп кеткендей жиырыласың. Киім қамсау емес. Ас азық емес.  Сәл мызғып алмаққа жантайсаң жаның мұрныңның ұшына келіп қайта атып тұрасың. Қатар келе жатқан кісінің жүзін көрмейсің. Себебі ол да сендай басқа жаққа қарап тұр. Қайда дейсіз бе? Аспанға. Аспанда құдай бар, ол әділетті деп сенгендіктен.

Менің еркімде болса бұл суретке  “Аспаны жоқ қала”деп ат қояр едім.

Біздің ауылдағы  поштаның  дәлізінде қайдан, қашан, қалай келгенін ешкім де білмейді, бір сурет жапсырулы тұратын. Ескі бір журналдың ішкі айқарма бетіне басылған түрлі түсті сурет. Көрген сайын зәрем ұшушы еді.  Кейін білдім, бұл Тицианның “Лаврентий әулиенің азап кешуі”деген жұмысы екен. Тірі адамды лаулап жанған ошақтың үстіне шалқасынан тастап шыжғырып жатыр, ол аздай қызыл жеңсіз [әлде, қызыл шәпкілі ме?] киген біреу әлгінің  бауырына  айыр бас қара темірді күштеп тығып тұр. Өкпе бауырын бітеулей  суырып алмақшы. Құлағында сырғасы жылтырайды. Құл ғой демек. Ұзақ қарасаң сол бір құл, бірнеше қызыл жағалы жендеттерге айналып кетеді. Белінде қанжар. Арғы жағында темір дулығалы біреу тұр, бет ауызы көрінбейді. Отқа тірідей қақталған кісі құлындағы дауысы құраққа шығып шыңғырады.  Неге дүр, мен осы суреттегі адамдарды бір үйдің кісілері деп ойлайтынмын. Ағалы інілі. Бір атаның балалары секілді көрінетін. Бет аузын тұмшалап алған  ағасы жұртты бір біріне айдап салып тірідей өртеп, өлтіртіп жатыр. Өзі тасада қалмақшы. 

Кейін мен әлемнің көптеген музейлерін араладым. Орта ғасырлардағы Еуропа қыл қалам шеберлерінің шіркеу безендірмелерін,  Інжіл хикаяларын, Иса пайғамбардың ажалын, ақыр заман азаптарын бейнелеген суреттерінің ешқайсы да бала кезде көрген әлгі екі суреттей әсер етпеді. Бірақ Әбілхан ақсақалдың жанымды бұдан да  бетер түршіктіретін “Желтоқсан. Жаңаөзен” атты суреті барын мен ол кезде білмеппін. “Желтоқсан сайын жетім боп, Бір жылап алар жүрек бар”десек, бұл да осы айда туған жолдар. Күндер өтер, айлар, жылдар өтер, жаңа ғасырлар келер. Қазақ баласы Желтоқсанды ұмытар ма екен? Ұмытса оның несі қазақ?

Әбілхан ақсақалдың музейінен осындай ой құшағында шығасыз.

Сол Алматы, сол өзен. 

Жер дүние түнде жауған қардан соң алыс жолдан шаршап келіп бір сәт қалғып кеткен атасының ұйқысын бұзып алмайын деген баладай демін ішіне тартып тына қалған. Төңірек аппақ-ау, аппақ. Тек бұта басына ілініп қалған бір жапырақ қызыл матадай боп әр жерден суықторғай көрінеді. Кіп-кішкентай боп алып “мал тапқыш”. Мына қалың қарда енді қайтайын деп құс біткен абдырап тұрғанда суықторғай қанатын қағып-қағып жіберіп, ұштаны  үйеңкі мен ұшқатты басып қалған қарды сау еткізіп жерге бір-ақ төгеді. Төгеді де күзден қалған дәнектерді, бүршік-бүрлерді тауып жей бастайды. “Е, еңбек етсең бұл күзде де жем табуға болады екен ғой” дегендей төрт түлік мал қимайды.

Қырғауылдың балапандары әлдеқашан қарақанаттанып, шырғанаққа қона бастағалы қашан.

Әсемшымшық әнге басады.

Шекілдек қайыңның “сырғаларын” жұлқылай бастайды.

Мұның бәрі дән-дәнекпен қоретенетін құстардың әрекеті. Ал жаз бойы құрт-құмырсқа жеп күн көріп келген қанатты достарымыз қайтеді екен. Орыстың бір мақалы “жорғалау үшін жаралғандар ұшуға жарамайды” дейді. Бекер. Дана табиғат өз перзенттерін өлтіріп алмау үшін “қайта құбра” батайды. Мысалы, тентекқұс дереу өсімдік дәнін іздеуге көшеді. Іздеуге көшкенде, ол жаз бойы “көкалды қуып, гөлайттай” бермей, тырнағына ілінген үйеңкі мен жөңкенің, жаңғақ пен шиенің дәндерін өзі білетін ағаш қуыстарына тыға берген. Ертеңгі күнін ойлап ерте бастан қамданған кәнігі шаруадай бүгінде оның жағасы жайлау, төсі қыстау. Ештеңеден кемдік көрер емес. Сарышымшықтар да солай. Жазда қуыс-қалтарысқа әкеп қыздың жиған жүгіндей қаз-қатар жинап қойған өсімдік дәндерімен қатар қатып семіп қалған шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаларды бірден қылғытады.

“Қансонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңдығанға” дейді Абай атамыз. Түлкінің аңшы біткенді ерекше еліктіретін кезі осы кез. “Түлкі түгінен жазады” дейді халық. Әсте бұл о баста, қате айтылған мақал. Олай дейтініміз, түлкі тамақ іздеп жортуылда жүреді. Күздегідей өріп жүрген тышқан жоқ. Балапан құстар әлдеқашан есейіп, жылы жаққа ұшып кеткен. Содан “түлкідейін түн қатып” дейтін күндер басталады. Түк таппаған соң жазған түлкі жаңа жауған қарда із кеседі, сол кезде қыран, бүркіттің, ұшқыр тазының не берен мылтықтың қарауылына ілігеді.

Борсық, құндыз, тиін қысқы ұйқыға бас қойғалы қашан. Рас, қыс жайлы болған жылдары тиін көпке дейін “көз ілмейді”. Соның бір мысалы, төбеңде лашын айналады. Төменнен қарап тұрып осы құсты башқұрт ағайындардың “сәпсәң” дейтінін ойлайсың. Бұл біздің тілге аударсақ “шапшаң” яки “жылдам, тез” дегені емес пе? Орыстар башқұрттардан үйренді ме екен, бұл құсты “сапсан” дейді. Кенет лашын құлдилай бастайды. Не көрді екен? Бір қарасаңыз көзге ілінер ештеңе жоқ. Сөйтсек, түйетайлы беткейге жапа-тармағай өскен қалың шыршаның бұтақтарында екі тиін ойнап жүр екен. Жыртқыштың қанат сусылын естіген мезет екеуі де жып беріп ағаштың қуысына кіріп кетті. Сауысқан үркіп ұшты. Бұл неден қорықты  екен, бұл кімге керекпін деп ойлайды екен

22-желтоқсан жылдың ең қысқа күні. Көзді ашып жұмғанша қас қараяды, астрономиялық тұрғыдан қыстың басталар күні осы күн. Бірақ, дәл биылғыдай жәйлі қыс қашан болды екен?! Құдай тағала ұзағынан сүйіндіргей, май тоңғысыз жылы күндер тым ұзаққа созылды. Желтоқсанның басында төрт-бес күн тәулік бойы суытты, бірақ ол ұзаққа созылмады Бірақ, халық болжамдарына сенсек, қыс жылы болса, келер жаз жәйсіз келеді. Сонда бізді жаңбырлы, найзағайлы суық жаз күтіп тұр ма? Сенгім келмейді.

Желтоқсан – құсы көп ай. Тарихқа көз салсаңыз, бұл айда неше бір ұлы оқиғалар болған. Біз үшін бұл ай 1986 жылы қазақ жастарының көтерілісімен қымбат. Бұл қозғалаң туралы да соңғы кезде әртүрлі алыпқашпа әңгіме көп. Саясат жүрген жер – лаң. Лаңсыз, дау-дамайсыз, таза өмір сүруге болмас па, тоба? Мысалы, Ана-Табиғат секілді.

“Қыс қыстығын қылмаса, жаз жаздығын қылмайды” дейді ел.

Айыр қалпақ ағайындар желтоқсанды бештин айы, кейбір деректерде үштің айы дейді. Желтоқсанның соңғы онкүндігінен[ қазақша бұл кез күннің қысқы тоқырауы] бастап туу сонау ақпанның басына шейінгі аралықты қырғыздар  қырық бірдің шілдесі деп атайды.  Қырық бірдің шілдесін он онбес күнге жіктейді, сонда  “Темір аяз”, “Мүйіз аяз” және “Киіз аяз” дейтұғын үш бөлек күндер тізбесі шығады. Ең қатал қыс желтоқсанның соңы, қаңтардың басы яки “темір аяз” деп санайды. Кешеге дейін малмен бірге аңшылықты ата кәсіп көріп келген көршіміз желтоқсанды  “Тау теке айы” немесе “теке бұрқылдақ ”деп те ныспылайды. Қырғызбен қатар көшіп, қабат қонып жүретін  біздің дулат, шапыраштылар да “теке бұрқылдақтың айы желтоқсан” дейтінін талай этнограф жазып қалдырған. Халық танымы бойынша  бұл айда  тау теке таста ойнақтап, түн ортасы ауа, яки Үркер бата   күйті келген тау ешкілерді шашау шығармай үйіріп ұстайды.

 Қырғыз бауырлардың ауыз әдебиеті  табиғат құбылыстарына орай шығарылған дүниелерге өте бай. Соның бірі жұмбақтар. Оны табышмақ дейді. Текенің жарайтын кезі мен сасай боп арықтап, болдырып қалатын бір жұмалық “өттің дәурен” қысқа мезгілін тұспалдаған бір “табышмақты”  қазақ өлеңінің иіріміне салсақ, шама шама мынадай шумақтар шығуы мүмкін:

Айыр, айыр айыр тау, Айыр сақал қарт екен, Үйген тасты  айырған, Үйірлеп бұлт қайырған, Ала шапан кім десем, Ала ат мінген сарт екен. Қатын көрсе  тұра қап, Қайырылатын салты екен, Пайымынан әпсәтте  Айырылатын салты екен, Күшін сарқып, белінен, Майырлатын салты екен, Бес ай күткен базарын, Бес минөтте  тарқатар,  Ақылы аздау халық екен.

Қара ат мінген кім демес, Қара сақал сарт екен, Қима тастан секірген, Қимылы да шалт екен, Алты ай жиған ақшасы, Алты күнде тәркі екен.

Жалт жалт еткен, жалт еткен, Тастай берік мүйізі Тасты соқса сарт еткен,Тасты соқса тасырқап, Көзінің оты жарқ еткен. Жеті ай жиған жілік май, Жеті күнде сарп еткен.

“Теке бұрқылдаққа” байланысты айтылар тағы аңызда  күші тасып, тастан тасқа ұшып секіріп ойнап  жүрген жас текені көрген кәрі ешкі  “кандын койнунда қалтырап жатқанча, кулдун койнында кутырып жат” [“ханның қойнында қалтырып жатқанша құлдың қойнында құтырып жат”] деп шыбыштарды кәрі текенің көзін ала бере  үйірден бөліп тауға айдап салады мыс. 

...Әбілхан Қастеев ақсақалдың “Желтоқсан. Жаңаөзен”атты топтамасын көргенде Байронның “Манфред” поэмасындағы нахақтан өлген ананың қарғысы  еске түседі, оны сөз соңында айтам дедім ғой. Міне, сол қарғыс: [аударған жас ақын Айбол Исламғалиев] “Түндерің ұйқысыз өтсін және менің мұңлы бейнем сенің харам жаныңды, қанышер жүрегіңді  мәңгі торуылдап, басың азаптан арылмағай... Сол елдің елесі сенің тозағына айналсын, қара бет!”

 Есенғали РАУШАНОВ