Ержан Бабақұмаров ҚР Президенті Әкімшілігінің Талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Өкімімен Ержан Жалбақұлы Бабақұмаров Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі болып тағайындалды», - делінген Ақорданың ресми сайтында.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымына тиісті өзгеріс енгізіле отырып, Талдау және болжамдау орталығы құрылған болатын.
Ержан Жалбақұлы Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (1991) саясат тарихының оқытушысы мамандығы бойынша және осы университеттің аспирантурасын (1995) бітірген.
1995-2004 жылдары – Қазақстанның Даму институты Саяси зерттеулер орталығының ішкі саясат бөлімін меңгерушісі, директоры; Алматы қаласы әкім аппаратының бас маманы; ҚР Президентінің Әкімшілігінің аға референті, кеңесшісі, сектор меңгерушісі, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары; ҚР Президентінің Әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы; ішкі саясат басқармасының ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі.
2006 жылдың ақпан айынан – ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2007 жылдан – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы. 2008 жылдан – ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің меңгерушісі. «Қазақстан» Республикалық телерадиохабарлар тарату корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы; «Қазақпарат» ҰК» Директорлар кеңесінің төрағасы (2006-2008); «Қазақстандық телекоммуникациялар» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.