19 там, 2019 сағат 14:07

Ержан Бабақұмаров «Көкжайлауға» қатысты ақпараттарға жауап берді

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Көкжайлау» жобасын іске асыруға қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қала әкімдігінен мәлім еткендей, Алматы билігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көкжайлауға» қатысты тапсырмаларын ұстанады.

«Бүгін «Көкжайлауға» қатысты бірқатар жазбалар пайда болды. Алып-қашпа әңгімелер болмауы үшін турасын айтайын, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың курорт құрылысын кейінге қалдыру жөнінде тапсырмасы бар. Әкімдік осы тапсырманы ұстанады. Өзгелері қаралмайды әрі талқыланбайды», - деп келтірілген Е.Бабақұмаровтың сөзі әкімдіктің Instagram-дағы парақшасында.

Бұғанға дейін журналист Вадим Борейко Facebook-тегі парақшасында «Көкжайлау» тау-шаңғы курортты аймағының құрылысы 2020 жылы басталуы мүмкін екенін жазды. Оның айтуынша, мұндай мәліметтер туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бағдарламасында бар. Құжат Үкіметтің 2019 жылғы 31 мамырдағы Қаулысымен бекітілген.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Көкжайлау» тау-шаңғы курортының құрылысын кейінге қалдыруды ұсынып, ол бойынша тиісті шешім қабылданған болатын.