18 шіл, 2022 сағат 18:22

Ертіске батып бара жатқан үш баланы құтқарған азаматқа пәтер берілді


Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Ақтоғай ауданының тұрғыны Андрей Карандашовқа алғыс айтып, үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдай 15 шілде күні Ақтоғай ауданының Приреченск ауылында болған. 

Бір отбасының жеті жасар егіз ұлы мен олардың тоғыз жасар ағасы Ертіске батып кете жаздады. 

Ауылдастарының жедел әрекетінің арқасында балалардың үшеуі де аман қалды. 

Ол балдырғандарға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек те көрсетті.

Облыс әкімі Андрей Карандашовқа «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен үш бөлмелі үйдің кілтін сыйлап, ерлігі үшін алғыс айтты. 

«Бұл - ерлік қана емес, біз үшін баға жетпес және сіз құтқарған балалар үшін аса маңызды нағыз қаһармандық әрекет. Өңірімізде сіз сияқты азаматтар болғанына мақтанамын. Ата-анаңызға өзіңіздей еліміздің адал азаматын тәрбиелегені үшін көп рахмет. Сізге өңір тұрғындарының атынан алғыс айтамын», - деді Әбілқайыр Сқақов. 

Андрей Карандашов - Ақтоғай ауданындағы Приреченск ауылының тумасы. 

Отбасында екі бала тәрбиелеп отыр. Қазіргі кезде «Ақтоғай-Агро» ЖШС-де жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін оның отбасы жалдамалы үйде тұрған еді. 

Бұған дейін отыз үш жасар ауыл тұрғынын Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінде және Ақтоғай ауданының әкімдігі марапаттаған еді.