Фото: Reuters
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ертең "Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" конституциялық заңның күші жойылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Парламенттің жаңа регламентіне сәйкес, конституциялық заңдар екі палатаның бірлескен отырысында қаралады. Отырыс 13 қаңтарға белгіленіп отыр.
"Ертең біз Парламент палаталарының бірлескен отырысында "Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" конституциялық заңның күшін жоямыз. Мәжіліс депутаттары бастамашы болған тиісті заң жобасы бар. Ол құжат тәртіп бойынша қаралды. Әрине, конституциялық соттың шешімі де маңызды", - деді Әшімбаев журналистерге берген сұхбатында.
Ал тілшілер Елбасы туралы конституциялық заңның күшін жою мәселесі неге ұзаққа созылғанын сұрады.
"Сіздер конституциялық соттың шешімін күткендей болдыңыздар. Неге референдумнан кейін бірден ол заңның күші жойылмады?", - деді тілшілер. Сенат спикері бәрі ретімен жасалғанын жеткізді.
"Конституциялық соттың шешімі өте маңызды, бұл – соңғы шешімді қабылдайтын біздің мемлекеттік институт. Оған дейін тиісті заң жобасы мәжілісте қаралды, бәрі өз ретімен, кезегімен жүріп жатты. Сондықтан бұл шешім референдумнан кейін қабылдануға тиіс болатын, өйткені референдумда халық солай дауыс берді. Біз конституциялық соттың шешімі шықты деп, екі күннен кейін қарастырайын деп жатқан жоқпыз. Заң жобасы тиісті комитеттерде қаралды, енді ертең парламент бірлескен отырыста өз шешімін шығарады ", - деп атап өтті Әшімбаев.