Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық шеңберінде салынып жатқан жол-көліктік инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Назарбаев даңғылындағы көшені жаңғырту қаланың орталық көшелеріндегі көлік қозғалысын біршама азайтуға көмектеседі. Мұнда Абай және С.Жүнісов көшелерінің қилысар тұсындағы жолдың тас жамылғысы жақсартылып, төрт бағыттағы жол айырығы салынуда.
Жол жөндеу жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы мердігерлердің сылбыр қимылынан қала тұрғындарына қатынау қиындық туғызып отырғанын сынға алды.
«Бүкіл қалада кептеліс. Мұның сіздерге қатысы жоқ сияқты. Екі ауысымға көшіп, жұмысты ширату қажет», - деген Ермек Маржықпаев қала басшылығы мен мердігерлерге Назарбаев даңғылының С.Жүнісов көшесімен қиылысар тұсында жол айырығын салу және асфальт төсеу жұмыстарын қыркүйектің 20-на дейін аяқтауды тапсырды.
Осы күні Қопа көлінің жағалауында құрылыс жұмыстары басталды. Қала әкімі Амангелді Смайыловтың айтуынша, Қылшақты өзені арқылы салынатын жаңа көпірдің маңына құм төсеу жұмыстары аяқталған. Жақында бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, диаметрі 1,5 метр бетон қазығын қағу жоспарланған.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Көктем» шағынауданындағы инженерлік желі магистралының құрылысы, НПС көшесінен қалалық жылу қазандығына дейінгі аралықтағы жылу магистралы, «Васильковка» және «Центральный» шағынаудандары аралығындағы көшелерде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарына назар аударды. Мердігерлерге әр нысанның маңызын түсіндіре келе, құрылыс және жөндеу жұмыстарын сапалы әрі кестеге сай жүргізуді тапсырды.