Француздың бір үлкен ақынының бір өлеңінде мынадай жолдар бар еді: «Отанымның аспанында таңертең, әтеш болып шақырам мен күн сайын, және маған қатты ұнайды бұл теңеу». Ия, бұл теңеу маған да ұнайды. Ахмет Байтұрсыновтың масасы секілді. Ақынның миссиясы да сол емес пе?! Ойды ояту, жүректі ояту, ар мен намысты ояту. Алаш ардақтыларының негізгі идеясы да - осы ояту еді.
Адамның ұйқысы бір бөлек те, ұлттың ұйқысы... Абстракты ұғым. Ұлттың ұйқысы деп нені атаймыз? Ол сауатсыздық қана емес.
Тұтас бір ұлттың бұйығы қалуы, өз ішіне өзі еніп кетуі. Оған сыртқы және ішкі факторлардың әсер ете алмауы. Яғни немқұрайдылық пен немкеттіліктен туған көнбістік пен енжарлық. Өзі-өзіне жұтылуы. Өз сөзін өзі айта алмауы. Өзгерістен қорқуы. Дауысын шығармауы, көз жасын көрсетпеуі. Өлі дене секілді өзен, яғни уақыт ағысымен ағып кете баруы. Мәселенки, неге сол кезеңде алаштықтар халықты қалың ұйқыда жатыр деп түсінді? Мұнда Абайдың «жартасы» еске түседі. «Күнде айқай салғанмен» селт етер жан жоқ. «Оян, қазақ!» дегеніне өз даусының жаңғырығын ғана естіген олар шынында да шарасыз күйде еді. Ацетилхолин деген химиялық зат бар. Ол мидың «ұйықтау» қабілетін жоғарылатады. Біздің ұлттың жағдайында ацетилхолин ретінде әртүрлі тарихи оқиғаларды қарастыруға болады. Алдындағы ғасырларға созылған сыртқы және ішкі қақтығыстар, империяның шовинистік саясаты, ашаршылық пен жұт, үрей мен қорқыныш - бәрі де бәрі ұлт ағзасындағы ацетилхолин деңгейін көтеріп жібергені тағы да шындық. Енді есін жия бастаған ұлт сталиндік репрессиямен бетпе-бет келді. Ары қарай түсінікті, естен кетсе де елесі өлмеген тарих.
Сонымен, жеке адамның ұйқысы және түстану турасындағы көзқарастарды Зигмунд Фрейдке дейін және одан кейін деп қарастыруға болады. Бұл - басқа әңгіме. Түстің табиғатын зерттеушілер адам ұйқысының төрт кезеңін анықтаған. Бірінші кезеңде адам бойы балбырап, мида Альфа-толқындар сәулелене бастайды. Дәл осы бірінші кезеңде кісі не ұйқыда емес, не ояу емес, маңайындағы дыбыстар мен қозғалыстар оның түсі секілді көрінеді. Бірақ түртіп қал¬саңыз, оянып кетеді. Және «жоқ, мен ұйықтаған жоқпын» деп айтуы да мүмкін. Мұны біздегі «мызғып кету» деген ұғыммен ашуға болады. Ал екінші кезеңде Бета-толқындар сәулеленіп, адам ұйқыға шым бата түседі. Мұны «көз шырымын алу» десе де болғандай. Алайда бұл уақытта көрген түстер есте қалмайды екен.
Үшінші кезеңде тағы да тереңдейді. Ал төртінші кезең - Дельта-толқындар сәулеленуі қазақтағы «тастай қату» дегенге ұқсайды. Бұл - тұңғиық ұйқы. Осы төрт кезең бір түнде 5-6 рет қайталанады. Бір сағат көлеміндегі уақытқа созылған төрт кезеңнің соңғы фазасынан кейін адам қайта бірінші кезеңге өтеді. Демек, ұйқыдағы адам бір түнде бір кезеңнен бір кезеңге ауысып, бірде шала ұйқылы күйге, бірде шым терең ұйқылы күйге түсіп жатады екен. Таңертең адамның бір күні тез, сергек оянып кетуі, бір күні кешегі оянған уақытында қиналып оятуы да осыған байланысты. Жеке адам ғана емес, ұлттың да ұйқысын осы циклдармен қарастыруға болады. Бір жылдары сергек, бір жылдары бұйығы. Соның негізінде, тарих қайталанады.
Ерлан Жүністің фейсбуктағы жазбасынан