Алдымызда еліміздің қоғамдық-саяси процестерін эволюциялық үлгіде сапалы деңгейге өткізу міндеті тұр. Мұндай ойды Ұлттық кеңестің отырысынан кейін кеңес мүшесі Ерлан Саиров білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең негізгі мәселе – біздің еліміздегі экономикалық дамуды жалғастыру үшін Мемлекет басшысы «Еліміздегі саяси-әлеуметтік дамусыз экономикалық өрлеу мүмкін емес» деген позициясын қайта қайталады. Кеңес мүшелерінің біздің еліміздегі саяси реформалары жөніндегі өздерінің ұстанымдарымен, айтқан ойларымен келісті. Біздің еліміздегі саяси жүйеге либерализация жасауға, белгілі бір қоғамдық эволюция жүргізуге алғышарт бар деген ойдамын. Сонымен, еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешуге талпыныс бар. Нақты ұсыныстарымызды Президент Әкімшілігіне беретін боламыз», - деді Ерлан Саиров Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Сарапшы өз сөзінде әрбір жүйе дамуы үшін эволюциялық жол керектігін атап өтті.
«Эволюция – мемлекет дамуының ең негізгі күретамыры. Алдымызда еліміздің қоғамдық-саяси процестерін эволюциялық үлгіде сапалы деңгейге өткізу міндеті тұр. Ең негізгісі – барлық шаруа халықпен бірлесіп, ақылдасып шешілуі тиіс», - деді Ерлан Саиров.
Еске сала кетсек, бүгін елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.