Бүгін Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты сот ісі бойынша жарыссөз өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекеттік айыптаушы Қуаныш Жексенбаев айыпталушылар Берік Ахметов, Нұрлан Шүкілдіков және Қайрат Ақшановты өмір бойына бас бостандығынан айырып, жазасын ерекше қауіпсіздік колониясында өтеуін сұрады. Сондай-ақ, прокурор соттан әр айыпталушыдан 30 АЕК-ке дейін өндіріп алу және оларға бес жыл бойы аң аулауға тыйым салуды сұрады.
Сонымен қатар Қуаныш Жексенбаев Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев пен Айдос Әкімовті алты жылға соттауды өтінді.
Айта кету керек, бұрын сотқа дейінгі тергеу органдары оларға қатысты қылмыстық істі тоқтатқан болатын. Алайда, Ерлан Нұрғалиевтің ұлының қорғаушысы Ғалымжан Тәуекелов бұл шешіммен келіспейтінін жеткізді. Жоғарыда аталған төрт азаматқа қатысты қылмысты жасыру және ол туралы хабарламау баптары бойынша тергеуді қайта жүргізу туралы жеке қаулы шығаруды сұрады.
Сондай-ақ, адвокаттың сөзінше, моральдық шығын сомасы - 20 млн теңге.
«Біз материалдық шығынды 9 миллион 137 мың 600 теңге деп бағалаймыз. Қаза тапқан адамның отбасы дәл осындай соманы қонақ асына, қырық күн, жылдық асын өткізуге және мазар салуға жұмсады. Қаза тапқан отбасының моральдық өтемақысын біз 20 миллион теңгеге бағалаймыз», - деді Ғалымжан Тәуекелов.
Еске сала кетсек, өткен жылы 15 қаңтарда Қарағанды облысы Нұра ауданының аумағында киік атқан браконьерлер екі инспекторды жаралаған еді. Ауыр жарақат алған Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда Астананың №1 ауруханасында көз жұмды. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жарақат алған «Охотзоопром» инспекторын құтқаруға неліктен көп уақыт кеткенін түсіндірді. Сондай-ақ браконьерлер қолынан қаза тапқан инспектордың артында төрт баласы қалған.
Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев браконьерлер қолынан мерт болған инспектордың отбасына көңіл айтып, оның отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.