09 сәу, 2018 сағат 09:51

Ерлан Қошанов аймақтағы су тасқыны жағдайын тікұшақпен бақылады

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов тікұшақпен су тасқыны қаупі бар аумақтарды әуеден бақылап шықты, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты. 

Авиамаршрут 580 шақырымнан астам қашықтықты құрап, төрт ауданды қамтыды: Бұқар Жырау, Қарқаралы, Шет және Абай. Тус тасқыны қаупі жоғары аумақтар бақыланып, Самарқанд, Шерубай-Нұра, Ынтымақ, Жартас және Ащысу су қоймаларының, сондай-ақ Нұра, Шерубай-Нұра,Ащысу, Матақ, Жарлы өзендерінің арналары тексерілді. 

Аймақ басшысымен қоса ұшу барысына облыстық ТЖД бастығы Ыбрахым Күлшімбаев, аудан әкімдері, мемлекеттік орган жетекшілері қатысты. Облыс әкімі биылғы жылы ерігер қар суынан адамдар қаншалықты жақсы қорғалғанын өз көзімен қарап шығуды ұйғарған. 

Жыл сайын арнасынан шығатын өзендердің жағаларында қорғау бөгеттері салған және басқа да сақтандыру шаралары ұйымдастырылған. Ол елді мекендерге су кіру қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. 

Өткен жылдармен салыстырғанда қардағы су көлемі азырақ. Әуеден бақылау барысында өзендердегі судың деңгейі төмендегені байқалады, су тасу және арнасынан шығу қаупі жоқ. 

Қазіргі таңда Самарқанд су қоймасынан 15 м³/с., Ынтымақ су қоймасынан - 20 м³/с көлемінде су жіберіліп жатыр. Ірі су қоймаларынан уақытында су жіберіп отыру шарасы өзендердің арнасын жуып өтуге, сондай-ақ су қоймаларында еріген қар суын сыйдыратын бос орын дайындауға мүмкіндік берді. 

Аймақтағы су тасқынына қатысты жағдай қалыпты және үнемі бақылауда. Жедел штаб күн сайын жағдайды қадағалап отыр.