Қарағанды обысында алғаш рет тұрғын үй құрылысы аудандарына коммуникация өткізуге 2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Нұрлы Жер» бағдарламасын жүзеге асырудың басым бағыттарының бірі - жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Жергілікті атқарушы билік құрылыс аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (ИКИ) өткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов бұл жұмыстарды бақылауда ұстап отыр. Оған қатысты есеп кезекті аппараттық жиналыста тыңдалды.
- Қосымша бөлінген қаражатты ескере келе, бүгінгі таңда облыста ИКИ өткізуді қаржыландыру 2,1 млрд теңгені құрайды, - деп хабарлады облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев.
Жезқазғанда биылғы жылы 670 жер учаскілері тапсырылды. Алайда өткен жылдары өтініш берушілер кезекке тұрарда ЖСН белгілемегендіктен, рәсімдеуге қатысты қиындықтар туындады. Қазір олардың заңды екендіктерін тексеру жүргізілуде.
Қарағандыда 3500-ге жуық жер учаскілерін тапсыру жоспарланған, оның ішінде жаңалары – 756, осыған дейін берілгендері – 2700-ден асады. Оларға коммуникациялар өткізіледі.
Аппараттық жиналыста Балқаш қаласының басышылығы сынға алынды. Мұнда ИКИ өткізуге қажетті сома табылмаған. Дегенмен өткен жылы қала басшылығы жол жөндеуге бөлінген қаражатты игере алмай, облыстық қазынаға қайтарған болатын. Осы себепті жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға қатысты проблемалар қалып отыр.
- Бұл мәселені зерттеп шығып, кімнің кінәсінен болғанын балқаштықтарға жариялау керек. Әдемі сөйлей білу – жақсы жұмыс істеумен тең емес, - деп наразылығын білдірді Ерлан Қошанов.