31 қаң, 2018 сағат 08:37

Ерлан Біләлден 670 мың теңгені қайтару талап етілді

Алмалы аудандық сотында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М. Әуезов атындағы драма театрының директоры Ерлан Біләлге қатысты кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Ерлан Біләлдің қорғаушысы тағы да істі БАҚ-тың қатысуынсыз қарау туралы өтініш білдірді. Осы іс бойынша куәгер болып отырған Қайрат Баяновтың қорғаушысы оны азаматтық талап қоюшы деп тануды сұрады.

«Біз Баяновты қылмыстық процесте азаматтық талап қоюшы деп тану туралы өтініш бердік. Айыптау актісімен белгіленген, оның үстіне айыпталушының өзі де жоққа шығармай отырған жайт, ол Баяновтан 600 мың теңге мөлшерінде ақша алған. Біз бұл ақшаны иесіне қайтару туралы азаматтық талап қойдық. Жалпы шығын мөлшері 600 мың теңге - Баянов өз қаражаттары есебінен берген сома. Ол қылмыстық істің материалдарына қосылған жоқ. Біз, сондай-ақ Баяновқа келтірілген мүліктік залалды да қостық, қорғаушы шығынына 50 мың теңге, осы іске қатысты куәгерге жүктелген өзге шығындар үшін 21 мың теңге. Осы қаражатты өтеуді сұраймыз», - деді журналистерге Қайрат Баяновтың қорғаушысы Рамиля Мұхамедиева сот отырысынан кейін.

Еске сала кетейік, журналистердің аудиожазба, фото-видеотүсірілімдер жүргізуіне тыйым салынған. Бірақ оларға процеске қатысуға рұқсат берілген. Сотқа судья Қуаныш Арипов төрелік етуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының мәліметтеріне қарағанда, Ерлан Біләл «Сезам» қоғамдық қайырымдылық шығармашылық қорының президенті Қайрат Баяновтан М. Әуезов атындағы драма театрында жаңажылдық спектакльдер өткізу үшін 1,5 миллион теңге мөлшерінде пара алмақ болған.

Қайрат Баянов іске әзірше куәгер ретінде қатысып отыр.

Еске сала кетейік, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл 1,5 млн теңге мөлшерінде пара алмақ болған жерінде ұсталған. Оған қатысты ҚР ҚК 366-бабының («Пара алу») 2-бөлігіне, 24-бабының 3-бөлігіне сәйкес іс қозғалды. Бұрын сот Ерлан Біләлге бұлтартпау шарасын қолданып, кепілмен босатқан болатын. Ол 1 миллион 205 мың теңге мөлшерінде кепіл төледі.