Дүбірлі Кеңес кезінде бастауыш сыныптың әдебиеті оқулығынан:
Ай ұялшақ баладай,
Жерге тура қарамай,
Бізден бұрып бір бетін,
Көрсетпейді суретін… –
деген өлеңді жаттатып еді. Авторы есімде қалмапты. Қазір біз де сол «ұялшақ Айға» ұқсап бір бетімізді бұрып жүретін болдық. Неге дейсіз ғой, құлағыңыздың мембранасын ашып, бері бұрыңыз. «Тәуелсізбіз, тәуелсізбіз» деп бөркімізді аспанға атқанда планетаны теңселтеміз. Қай тұрғыдағы тәуелсіздік екеніне менің өрем жетпей-ақ қойды.
Жеріміз түгел сатылып, жекешеленіп кетті. Арты диірмен тартатындар әр өңірдің шүйгінді, асты-үсті «қазынаға» толы жерлерін қоршатып тастады. Қарапайым қалқанқұлақтарға сонау жылдары «СССР тарихы» оқулығындағы крепостной шаруаларға ұқсап, бір аяқпен тұру ғана қалды. Суымыз сатулы. Көз шырағындай жарық жүйесі жыл сайын, жарты жыл сайын қымбаттайды. Қай билік қан қақсатып отырғанын Құдай білсін. Ауаны емкосқа сорғызып алудың еш реті келмей-ақ тұр. Әйтпесе мұны да бір миллиардер әкесінікіндей меншіктеп алып, жыртық шалбар халықты коронавирустан әрмен қырғынға ұшыратар еді. Айтпақшы, аспанымыз да ірі-ірі төрт лайнер қожайындарының қолында. Кіші айырплан иелері бір қаладан екінші қалаға, ана облыс орталығынан мына облыс орталығына ұшып барып, қайту үшін «жол ақы» төлейді. Әр қаланың әуежайы әр сағатын есептеп, аренда-пұл алады. Алдын-ала ақшасын төлемесең, аспанда асылып қалсаң да олардың ештеңелері қисаймайды.
Қоғамымыздағы қиыс жайларды айқайлап айтып, көшеге шықсаң, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіндегідей ит қосып қуып жүріп ұстап, түрмеге отырғызады немесе «Жаңаөзендегідей» жайратып салады. Оның үстіне, Құдайдың құлағын ұстағандай болып жүргендердің аға-бауыр, жақын-жуықтары атанған байшыкештер молайып барады. Олардың тақымдарында – «Джип». Үстілерінде үлде мен бүлде, жүректері тас, көңілдері мұз, жүрістері талтаң-талтаң. Робот кеуделілер де осылардың арасында жүр. Олар «жоқ», «жоқшылық», «болмайды» деген сөздерді сөздік қорларынан шығарып тастаған. Алшаң-алшаң басатындар өзгелерді қойып, өз жақын-жуық, туған-туысқандарына мейірім, қайырымнан жұрдай. Солардың ізін қуған «қалталылар» деген тағы бар. Бұлар екі ауыз сөзге келтірмей әкелерін де сабай береді. Шешелерін де кеудеге итеріп, анайы балағаттауларды лақтыра салады. Туған балаларын жетімсіретіп, қатын ауыстыра салу – олар үшін шалбарының түймесін жоғалтқанға да татымайды. Обал, сауапты ұмытқан. «Ары тартса – өгіз өліп, бері тартса – арбасы сынған», бір несиеден екінші несие естерін жидырмай, шырмауықша орап алған қысқа қолдылар мына жоғарыдағылар «кеберсіген ернімізге бірдеңе тамызады-ау» деген үміттерін әлдеқашан үзген. Абай атамыз айтқандайын: «Байда мейір, кедейде пейіл де жоқ». Мінеки, қазіргі қазақтардың бет-бейнесі – осындай.
Оның үстіне ана шет ел, мына шет елге қарап «мөңіреуден» еш жалығар емеспіз. Кино мен ән өнері солардың көне шекпендерін аударып киіп алғандай. Соңғы жылдары туындап жатқан киноларымызда еліктейтін сыртқы елдегілер әйелдерін сабаса, біз де «сүйіктілерімізді» таяққа жығамыз. Қыздарын ренжітіп жатса, біз де жылатамыз. Жігіттер өздеріне ыңғай танытқан әйелдер мен көңілдестері үшін бірін-бірі жаһаннамға аттандыра салады.
Өткенде үйдегі көгілдір экраннан «Астанаға (Нұр-Астана шығар) көктем кешігіп келеді» деген киноны қызықтадым. Мектеп маңындағы скамейкада сегіз-тоғыз жас шамасындағы жеткіншек қатты күйіне жыламсырап отыр. Арғы жақтан бір жас жігіт келіп, қасына жайғасты. Балаға қарағыштап аз-кем отырды да:
– Сен неге ренжіп отырсың, – деп сұрады. Төменгі сынып оқушысы-ау:
– Оны қайтесің? – деді ызалы кейіпте.
– Көмектесейін деп едім… – Жігіт сенімді.
– Рас па?
– Рас.
– Ендеше, сен маған папа бол! – Ол бұйрықты тіл қатты. Жігіт не дерін білмей, сасып қалды.
Баланың шешесі Назым Бекжанқызы кіші-гірім жекеменшік фирманың басшысы екен. Жігіттің сол әйелмен оның офисінде түрлі шаруалармен жолығысып қалғаны бар.
Арада уақыт өткенде келіншек елінен келе жатқан әке-шешесін күтіп алуға баласын ертіп кетіп бара жатты. Жол-жөнекей, тұтқиылдан өткендегі жігіт жолыға кетті. Бала:
– Жүр, сен маған папа боласың. Вокзалдан атам мен әжемді күтіп аламыз, – деп ерте жөнелді. Жігіт бұйдалаған тайлақтай соңдарынан ерді. Келіншекпен екеуінің оңашада сырласып, мұңдасып түйіскендерін де, не бір аймаласа сүйіскендерін де экраннан көзіміз шала қоймады. Сонда бұл қандай махаббат? Жеткіншек алдындағы танымы да, талғамы да жоқ қандай тәрбие, қандай тағылым? Әке-шешесімен қауыша салып әйел егіл-тегіл жылады-ай дерсің. «Мынау күйеубалаларың» деп жігітті таныстырған да жоқ. Ақсақал мен апа немерелерін көргенге мәз. Кейінгі жылдарғы кинолардың қайсыбірінің «табиғаты» – осындай.
Ал ән өнері батыстық «Шоуға» көшіп кеткелі қаш-а-н! Қыздарымыз төсекте жатып та, сүйіктілерімен жамбас жанастырып тұрып та, бір қабат ішкиіммен жүріп те ән шырқай береді. Кейбіреулерінің сөздерін ұқпай діңкең құриды, әндері шегірткеше шырылдайды немесе текірек атқан шабан атша тепеңдетіп, жүйкеңді тоздырады. Ұлттық дәстүрлі, сазды әндеріміз осылардың көлеңкесінде қалып бара жатқандай. Тыңдармандарымыз да «жақсыменен жаманды айырмадың» дегендейін талғам теперішін жоғалтып барама-ау…
Мектеп оқушыларының миын сұйылтып жіберуге айналдық. Өйткені әлі бірізді оқулығымыз жоқ. Оқулық шығаратын әр баспа өздеріне жаны жақын авторларын таңдап алған. Мәселен, «Алматыкітап» пен «Рауан», «Мектеп» баспаларының материал жүйелеулері әр басқа. Әдебиетті әртүрлі талғайды. «Жаңаша оқыту бағдарламасында» тағы да шетелге бас ұрамыз. Еуропалық «Болон» оқыту жүйесін пір тұтамыз. Алаштың ардақтылары Ахмет Байтұрсынов бастап, Мағжан Жұмабаев қостаған қазақылыққа тән әдебиеттік оқу әдістемеліктерін көлеңкеде қалдырдық.
Таяуда бір көршім: «Бастауыш сыныптағы немерем үш тіл біледі», – деп мақтанды. Еркетотайды шақырып алып, әңгімеге тартып едік: «Мен қазақ мектебінде оқимын. Атамның баласымын. Достарым көп», – деген сөйлемдерді үзіп-жұлып қазақша бастап, орысша жалғастырып, ағылшынша аяқтады. Бұл – сол жеткіншектің ғана басындағы қиюы қашқан көрініс емес, жасөспірімдеріміздің көпшілігінің ертеңін, қай ұлттың өкілі боларын бұлдырлатқан, қоғамымызды дұрыс жүйелей алмай отырғандығымыздың айқын айғағы.
«Қазақ тілін дамытамыз, өркендетеміз!» деп айқайлағанда тау-тасты жаңғырықтырамыз. «Айыр тілді жылансың» деп Махамбет Өтемісұлы қынынан семсерін суырғандайын тілімізді үшке, төртке тілгілеуден аянбайтын болдық. Қазақ тілі грамматикасының ұлтымыздың бұрынғы ұлылары жүйелеген нұсқасы қай дөкей, қай ғалымсымақтың басын жарып, көзін шығарғанын кім білсін, өз тілімізге өзіміз шабуыл жасап, тас-талқан еттік. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен балғындарымызды «Әліппедегі» 42 әріппен білім ошағы бесігінде «әлдилеп» алып, «Ана тілін» аялатушы едік. Одан тіл бөлшектерімен сусындатып, есімдерді (зат есім, сын есім…) естерінде сақтатып, рай, шырайларымен райландыратын «Қазақ тілінің грамматикасымен» сөйлеу жүйелерін ұстартып алып, «Морфологияда» жай және құрмалас сөйлемдері ойлап, жазуға, олардың салаларын меңгеруге жаттықтыратынбыз. «Синтаксисте» тіл шеберлігін арттырып, тілдік қорды байытуға құлшындырдық. Бір-бірімізге ұқсамайтын биік көркемдік өрнектерге ұмтылдыру «Стилистиканың» міндетіне жүктелген. Әрқайсысы тілдік жалғасты жүйенің биік шыңына жетелейтін. Сол ұлттық дәстүрлі жүйе үзілді, тілдік қор бұзылды. Әйтеуір жеті септікке шабуыл жасаушылардың үндері өшкеніне тәуба!
Ана тілі тағдыры төңірегінде сөз қозғағанда латын алфавитін аттап кете алмайсың. Бұл әліпбиді қабылдауға деген биік билік иелерінен шешім қабылданған жоқ. Әлі іріктеліп, иі қанбаған қаріптермен жазылған жарнамалардан көшеде көз сүрінеді. Ес білгеннен ықыластана үйірлескен кириллицаның өзіне сауатымыз бірде жетіп, бірде жетпей жүргенде латын әліпбиінің «соққысы» үш тілмен тілін үшкірлеп жүрген балдырғандарымызды жығылдырып, сүріндірмесе екен деген тілектемін. Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп жар салып жатқанда қиыннан түрен-түре жол тапқан Ахмет Байтұрсынұлы қаріптерінің кейбір алпыншақтары мен салпыншақтарын толық қабылдауға компьютер жүйесінің әлемдік «сауаты» жетіңкіремейді екен. Жарайды, білімпаз, «ұлтжанды» ғалымсымақтар талғап, іріктеп жүрген отыз бес әріпті қабылдадық дейік. Абай атамыз ескерткендей, еріншектеу қазақтар «ұ , ү, у», «н, ң», «а, ә», тағы басқа да әріптердің төбесіндегі ноқат-түртпектерін дұрыс пайдалана алмай қалса, «қырғыз, қазақ бір туған» ағайындарымыз баяғыда-ақ «айдар» таққан «маңқа қазақ», «сақау қазақ» атағымызды қайта еншілейміз ғой. Тіл жанашырлары шын жанашырлар болса, улап-шулай бермей, оншақтысы, жүзшақтысы бірігіп, бір-бір қаріптен болса да қазақша жаңа әліпби неге ойлап таппайды?! Тапсын!
…Тәуелсізбіз! Тізгініміз қолымызда. Жеке Елміз. Ендеше батыстың, өзге де шетелдердің «қаңсығын» неге таңсық көреміз? Озық үлгілері мен жетістіктерінің Қазақстанның, Қазақ елінің ыңғайына, ұлттық менталитетіне келетіндей нұсқаларын електен өткізіп барып неге қабылдамаймыз?! Тәуелсізбіз! Орда бұзар отызға толдық. Хош Кезінде тілеулестер қатарында болған ТМД елдері мен батыстықтар «Қазақстан өстіп жатыр екен, мынандай асқақ жетістіктері бар екен! Соны біз де үйренейік», – деп бізге неге құлақ түре еліктемейді!? Ал біз еліктеп-солықтаудан ешкімге есе жібермейміз. Неге? Сұрақтар сүріндіреді, жауап кібіртіктейді.
Қайткенде де тәуелсіздігіміз баянды болсын! Бірақ аннан да, мұннан да жұлып жеп, байып жатқан ептілердің емес, ғасырлар бойы еліміздің азаттығы үшін жандарын пида етіп келе жатқан тектілердің тәуелсіздігі болса игі еді ғой!..
"Қазақ әдебиеті" газеті